Былтыр тек Қытайдан келетін тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңге төлем түскен

984

Бұл 2021 жылға қарағанда 60 пайызға көп.

Былтыр тек Қытайдан келетін тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңге төлем түскен Фото: gov.kz

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс отырысында айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Жоғары аудиторлық палата экспорттық-импорттық статистикадағы алшақтық бойынша қабылданған шаралардың жеткіліксіз әсері туралы атап өткен. Бұл туралы көп айтылып жүр", - деді ведомство басшысы.

Ол әлемдік тәжірибеде барлық елде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасында алшақтық бар екенін атап өтті.

"Бұндай алшақтықтың негізгі себебі сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшелігінде. Яғни, импорт шыққан елі бойынша есепке алынса, ал экспорт тағайындалған елі бойынша есептеледі  және жеткізу шарттарындағы, кедендік рәсімдердегі айырмашылықтың болуы. Дегенмен, алшақтықтарды азайту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданып жатыр", - деді ол.

Министрдің сөзінше, Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан Бас диспетчерлік басқарма құрылған.

Бұдан басқа экспорттық декларациялармен онлайн-алмасу жүргізіліп жатыр. Мәселен, ондай ақпараттар Қытайдан Қазақстан аумағына тауарлар келмей тұрып жеткізіледі. 

"Бұл келе жатқан тауарлар туралы алдын ала ақпарат алуға мүмкіндік береді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде былтыр тек Қытайдан келетін тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңгеге кедендік төлемдер мен салықтар түскен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60% артық", - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу