Бюджет шығысының айтарлықтай бөлігі әлі де трансферттерге тәуелді – Ұлттық банк

148

Қазақстанның қазіргі экономикалық дамуын жоғары қарқынды деп сипаттауға болады. 

Бюджет шығысының айтарлықтай бөлігі әлі де трансферттерге тәуелді – Ұлттық банк Фото: kazpravda.kz

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин Сенаттың жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Биылғы 9 айда жалпы ішкі өнім 4,0%-ға өскен.

"Инфляция біртіндеп төмендеп келеді, алайда оның баяулауы тұрақсыз сипатқа ие. Биылғы жалпы төмендеу үрдісіне қарамастан, қазан айында қыркүйекке қарағанда инфляция жылдық мәнде 8,5%-ға дейін жеделдеді. Бұл ретте инфляция 2023 жылғы ақпандағы шарықтаудан 2,5 есе төмендегенін айта кеткен жөн. Алайда, бұл деңгей Ұлттық Банк белгілеген мақсатты көрсеткіш – 5%-дан айтарлықтай жоғары. Инфляция төмендеуінің маңызды факторларының бірі азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтануы болып табылады, олар 4,9%-ға дейін баяулады. Азық-түлік емес тауарлары инфляциясы әлдеқайда аз баяулап, жылдық мәнде 7,8%-ды құрады",  – деді Виталий Тутушкин.

Инфляция динамикасы Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес келіп отыр.

"Біздің болжамымызға сәйкес, алдағы екі жылда инфляция біздің 5%-дық таргетке жақындайды. 2025 жылы 5,5-7,5% дәлізде, ал 2026 жылы 5-7% аралығында қалыптасады. Қазір болжамдарды жаңартудың тоқсан сайынғы болжамды раунды деп аталатын процес жүріп жатыр, біз 29 қарашада оның қорытындыларын жариялаймыз",  – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Спикер сақталып отырған проинфляциялық тәуекелдерді атап өтті. Сыртқы тәуекелдерге негізгі серіктес елдердегі бағаның өсуі және азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі жатса, ішкі тәуекелдерге тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің үздіксіз өсуі, фискалдық ынталандыру аясында ішкі сұраныстың сақталуы, сондай-ақ инфляциялық күтулердің баяулауы жатады.

"Біз мұнайға қатысты емес тапшылықтың жоғары болып қала беретінін, бюджет шығыстарының едәуір бөлігі әлі де Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігін көріп отырмыз",  – деді Виталий Тутушкин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу