Бюджеттік бағдарламаларды келісудің жекелеген кезеңдері қысқартылады

892

Бюджеттік бағдарламаларды келісудің жекелеген кезеңдері қысқартылады

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын жеңілдету мақсатында оларды келісудің мынадай жекелеген кезеңдерін алып тастау ұсынылады. Осы орайда стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарламаларын Ұлттық экономика министрлігімен келісусіз бекіту ескерілген. Бұл тұрғыда Қаржы министрлігімен келісу қалады. Ал бюджетті түзету кезінде бюджеттік бағдарламаларға Ұлттық экономика министрлігімен келісусіз  өзгерістер енгізу қамтылды. Осы бағытта да Қаржы министрлігімен келісу сақталады. Бюджеттік бағдарламалар ішінде қаражатты қайта бөлу кезінде мемлекеттік органдардың бастамасымен бюджеттік бағдарламаларға Ұлттық экономика министрлігімен және Қаржы министрлігімен келісусіз, бірақ Қаржы министрлігіне хабарлап, өзгерістер енгізу де ұсынылады",-деді Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов заң жобасы бойынша баяндамасында.  

Бұдан бөлек, нысаналы даму трансферттерінің нәтижелері туралы келісімдерді алып тастау ұсынылып отыр. Бүгінде олар бюджеттік бағдарламаларды қайталайды. Нәтижесінде, орталық және жергілікті деңгейлердегі бір жарым мыңнан астам құжат қысқартылады.

"Орталық мемлекеттік органдардың әкімшілік шығыстарын жалпы лимитпен жоспарлау ұсынылып отыр. Бұл бюджеттік өтінім дайындауды жеңілдетеді және ұсынылатын құжаттардың көлемін қысқартады", - деді министр.

Сонымен қатар бюджеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде дербестікті кеңейту шеңберінде бюджеттік бағдарламалар арасында бюджетті нақтылаусыз (Үкіметтің қаулысы арқылы) қаражатты қайта бөлу ескерілген. Мұны қаражат игерілмеген кезде 10 пайыздан аспайтын көлемде іске асыру ұсынылады. Жалпы сипаттағы трансферттер аясында ең төменгі қаржыландыру көлемін жергілікті атқарушы органдардың қайта бөлуі, сондай-ақ бір бюджеттік бағдарлама ішінде ағымдағы кіші бағдарлама бойынша үнемдеуді даму жөніндегі кіші бағдарламаға қайта бөлу мүмкіндігін көздеу ұсынылады.

"Бұлардың барлығы қаражатты жыл бойы сапалы игеруге мүмкіндік береді", - дейді Тимур Сүлейменов. Мұнымен қоса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлау рәсімдерін жеңілдету мақсатында барлық процесті 5-тен 3 кезеңге дейін қысқарту ұсынылып отыр. Жобаның тұжырымдамасы мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының сараптамасы кезеңдері алып тасталады. Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын әзірлеу мерзімін 7-ден 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

"Жаңалықтардың бірі "бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті" енгізу болып табылады. Нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік рәсімдері неғұрлым қысқа және бизнес үшін қолжетімді болады", - дейді ведомство басшысы.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу