Евгений Утегенов деген Көкшетау қаласының тұрғыны балық аулау, аң аулауға рұқсатнама берудің онлайн жүйесін ойлап тауыпты. Бұл қосымшада тіпті туристер де демалатын жерінен орын белгілеп, ақысын алдын ала төлеуге мүмкіндік алмақ. Алайда, бір қарағанда президент жиі айтатын "цифрландыруға" сай келетін бастаманы мемлекеттік органдар қолдауға аса құлықсыз сияқты.
Жоба бойынша балықшылар мен аңшыларға таптырмайтын қосымша болуы тиіс. Ұлттық парктерге барып демалғысы келетін туристер үшін де қолайлы болады деп жоспарланған. Оның үстіне адамның араласуын шектейтіндіктен жемқорлықты да азайтуға сеп болмақ.
"Әуел баста біз бұл жүйені жеке аңшылық қожалықтарда жүзеге асырғымыз келген. Алайда мұнымыздан ештеңе шықпады. Өйткені бұл жоба барлық жасырын табыстарды әшкерелейтін еді. Яғни бәрі ашық әрі жариялы түрде болғандықтан жеке аңшылық қожалықтары көбірек салық төлеуі керек болатын. Сол себепті бұл бастаманы республикалық деңгейде жүзеге асыру қажеттілігін түсіндік", дейді Цифрландыру саласының маманы Евгений Утегенов.
Бұл қосымша "Зерде" қорының назарына ілініп, мемлекеттік қызметті цифрландыру бойынша үздік 3 жобаның қатарына кірген. Алайда, "Зерде" жабылды. Содан бері қосымша ұмыт қалыпты. Жоба авторы ізденіп Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдеріне арызын айтқан. Жауапты мамандар енді қарауға алдық деп отыр.
"Қазір біз бұл ұсынысты зерделейміз. Зерделегеннен кейін нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізу қажет. Бұл мәселе қазір комитеттің және министрліктің бақылауында тұр. Біз соны зерделеп, тиісті өзгерістер енгізуге дайынбыз. Қажеттілік бар. Цифрландыру заманында, технология заманында біздің саланың барлық тетіктеріне енгізуіміз керек", дейді ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Бексұлтан Мейірбеков.
Ал, Евгений мемлекеттік органдардың жауабын 1 айдан артық күте алмаймын деп отыр. Өйткені, қазірдің өзінде осы жобаны дайындау үшін 2 көлігін сатып, несие алуға мәжбүр болған.
Бақытнұр Әлібай