Цифрлық теңге жемқорлықты жеңе ала ма?

383

Цифрлық валютаны қазақстандықтар осы күзде қолдана бастайды.

Цифрлық теңге жемқорлықты жеңе ала ма? Фото: egemen.kz

Жоспар бойынша келесі пилоттық жобаны кезең-кезеңімен 2025 жылға дейін енгізу жоспарланған. Алғашында мемлекеттік сатып алу мен әлеуметтік төлемдер жүйесінде қолданып көрмек. Осылайша ол қаражаттың максатты жұмсалуын қадағалау көзделген. Жалпы жаңа теңге экономикамызға қандай өзгеріс әкеледі?

Цифрлық теңгенің негізгі артықшылығы интернетке тәуелді болмауында. Яғни, төлем жасау үшін мобильді байланыстың қажеті жоқ. Бұл өркениет жетістігінен шет қалған шалғай ауылдардың тамырына қан жүгіртуі мүмкін дейді сарапшылар. Бірақ басты ерекшелік бұл емес.

"Сандық теңгенің материалдық баламасы болмайды. Яғни, Оны банкоматқа барып шешіп ала алмайсыз. Технологиялық тұрғыдағы тағы бір ерекшелігі әр теңгенің кімге, қалай, қашан жіберілгені туралы ақпаратты көруге болады. Оны ешкім өшіре алмайды. Қазіргі онлайн банкинг арқылы жасалған қолма-қол емес транзакцияларды бақылау жеңілірек болғанмен, оны белгілі бір дәрежеде ғана жасауға мүмкіндік бар. Ал цифрлы ақшаның жүрген жолы түгел көрінеді", - дейді Tickmill халықаралық брокерлік топ сарапшысы Арман Бейсембаев.

Яғни, заңсыз ақша айналымына тосқауыл қойылуы мүмкін. Жоба ұсынылғанда да осы мақсат көзделгені айтылған. Бірақ сарапшы Мұрат Қастаев жалпыхалықтық декларация тапсырылмай жемқорлық тыйылмайды деп отыр.

"Көлеңкелі экономикамен немесе парақорлықпен, парақорлықпен күресуге көмегін тигізеді деп айту қиын. Себебі бұл проблемаға кешенді түрде келмесек, кешенді түрде күреспесек, онда жаңағы параны алып жатқан шенеуніктер олар жай ғана сандық валютаны бақылау мүмкін деп оны қолданбайды. Жай қолма-қол ақшамен парасын ала береді", - дейді "DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев.

Бірақ барлық транзакциялардың ашықтығын тиімді қолданатын тұстар да бар. Бұл бюджет шығындарын жоспарлау мен мемлекеттік бағдарламалар қабылдауға көмектеседі дейді мамандар.

"Бүкіл макроэкономикалық шешімдердің барлығы статистикаға негізделеді. Қандай нәтиже алдық соның бәрі арнайы бір модельдерге салынады. Бірақ сол статистикамыз қаншалықты нақты, шынайы, толық? Әңгіме сонда ғой. Кейбір жерлерде статистика әр теңгенің қайда кеткенін білмейді де, жалпы белгілі бір медианды түрде орта көрсеткішке бөліп алады. Ал цифрлы теңге әр тиын бойынша тіпті нақты статистиканы құруға мүмкіндік береді. Ондай статистика қолда бар болса, анағұрлым дәл, анағұрлым тиімді модельдер құруға болады", - дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.

Бұл валютаны енгізу туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Алғаш рет 2020 жылы мәлімдеме жасалды. Содан бері нақты енгізілу уақыты туралы жақында ғана белгілі болды. Ал жоба жетекшісі осындай ауқымды инфроқұрылым жасау кезінде асығуға болмайтынын айтады.

"Жол карта бойынша біз сол үш кезеңді атап өткен болатынбыз. Соған сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Ол созылып кетті деп айту салыстырмалы өлшем шығар. Себебі әр мемлекет өзінше құрып жатыр. Біз қандай да бір дайын шешім алмай, өз мемлекетімізге сай, барлық талаптарға сәйкес келетін кезең-кезеңімен жасап келе жатырмыз", - дейді "Цифрлық теңге" жобасының жетекшісі Айнұр Кенжаева.

Қазір 130 мемлекет бұл бағыттағы зерттеулерін бастаған. 37 мемлекет пилоттық режимде сынауға ниетті. Оның ішінде Қазақстан да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу