30 наурыз күні Павлодар облысында Дегелең – Май қума жолында теміржолды су басу қаупі туындаған болатын. Теміржол телімінің зақымданған қауіпті тұсында қозғалыс дер кезінде тоқтатылды, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметі.
Теміржолшылардың жедел әрі қырағы әрекетінің арқасында пойыз қозғалысы мен жолаушылардың өміріне аса қауіпті апатты жағдайдың алды алынды.
Қазір теміржол жағалауын бекіту шаралары аяқталып қалды. Тасқын су залалын жою шараларына Павлодар, Семей станцияларының қалпына келтіру пойыздары кірісті.
Қазір теміржол бойында 140 жұмысшы жұмыс істеп жатыр. Шпал, қойтас, рельс тиелген 100 теміржол платформасы, құм толтырылған 2000 қапшық, теміржол құбырлары жеткізілді. Қалпына келтіру жұмысы оперативті штабтың тұрақты қадағалауында.
Павлодар, Семей жол бөлімшелерінің мамандары пойыз қозғалысын жедел қалпына келтіру шараларын қадағалап отыр. Бұған дейін қозғалыс қауіпсіздігіне байланысты жолаушылар пойызының бағдары өзгертілген болатын.
Семей және Защита бағдарларындағы жолаушылар пойыздары Ресей аумағымен жүзеге асырылып жатыр. Бүгін сағат 11:03 минутта пойыздың жоспарлы қозғалысы ашылды.