Депутат ауыл халқы үшін ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды

174

Депутат ауыл тұрғындары үшін ипотекалық өнімдер қолжетімсіз деген пікірде. 

Депутат ауыл халқы үшін ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды Фото: Владислав Воднев

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров  ауылдық жерлерге бейімделген ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутаттың мәліметінше, ауылдық аудандар мен моноқалаларда 8,7 млн адам тұрады. Бұл Қазақстан халқының 43%-ы.

"Тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі қалаларда 26,9 шаршы метр болса, ауылдарда бір адамға шаққанда небәрі 20,7 шаршы метрге тең. 2025 жылдың басында ауылдарда 9 мыңнан астам адам тұратын 1200 авариялық үй; моноқалаларда 2,3 мың адам тұратын 76 авариялық үй болды. 2022-2024 жылдары жаңа тұрғын үйдің тек 20%-ы ауылдық жерлерде пайдалануға берілді. Мұндай диспропорция, ең алдымен, ауыл тұрғындары үшін ипотекалық, Отбасы банкі өнімдерінің қолжетімсіздігімен және халықтың хабардар болуы деңгейінің төмен болуына байланысты", - деді Ерлан Саиров.

Сөзінше, Отбасы банктің консультациялық орталықтары тек 4 моноқалада және 3 шағын қалада жұмыс істейді. Ауылдар мен аудандардың көп бөлігінде мүлдем жұмыс істемейді, дейді ол.

"2024 жылы Отбасы банкі бастапқы және қайталама тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ ауылдарда жеке тұрғын үйлер салуға қолжетімді қаржыландыруды ұсынатын "Асыл мекен" пилоттық бағдарламасын іске қосты. Бұл жобаны іске асыруға Отбасы банкі өз қаражатынан 2 млрд теңге бөлді. "Отау" және "Наурыз" бағдарламалары бойынша кезекте тұрғандар мен өтініш берушілерге қатысуға басымдық берілді. Қарыздың ең жоғары сомасы – 10 млн теңге. Алайда бағдарлама тиімділігі болғанына қарамастан жалғасын таппады, оны қаржыландыру тоқтатылды. Осылайша, Отбасы банктің қызметін "аудан орталықтарына, моноқалаларға, ауылға бұру" туралы Президенттің тапсырмасы нақты іске асыру тетіктерінсіз қалды", - деді Мәжіліс депутаты.

Депутат Үкімет мынадай шараларды қабылдауы қажет деген пікірде:

  • "Асыл мекен" бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайту. Шағын қалаларды қамти отырып, бағдарламаның бүкіл ел аумағында тұрақты іске асырылуын қамтамасыз етіп, республикалық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлуді көздеу;
  • Ауылға  бейімделген ипотекалық өнімдерді әзірлеу. Ауылдар, моноқалалар және шағын қалалар тұрғындары үшін төмендетілген мөлшерлемесі 5 %-ға дейін және ең төменгі бастапқы жарнасы 10 %-дан бастап  жеңілдікті ипотекалық өнімдер жасау. Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттар үшін мөлшерлемелерді субсидиялауды қамтамасыз ету;
  •  Жергілікті атқарушы органдармен үйлестіруді күшейту. Шығыс Қазақстан облысындағы "Бір қабатты Шығыс" және Жетісу облысындағы "Жерұйық" жобаларының табысты тәжірибесін пайдалана отырып, бағдарламаларды бірлесіп іске асыру үшін әкімдіктермен келісімдер жасасу;
  • Отбасы банкі консультациялық және ақпараттық сервистерінің географиясын кеңейту. Әр ауданда қызмет көрсету орталықтарын ашу, мобильді офистер ашу, бүкіл ел бойынша ақпараттық-ағарту науқандарын бастау.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу