Депутат Денсаулық сақтау министріне нақты сұрақ қойды

Ол дәрілік заттардың жарнамасына тыйым салатын норманың алынып тасталғанына алаңдаулы. 

Депутат Денсаулық сақтау министріне нақты сұрақ қойды Фото: Мәжіліс

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев ҚР Денсаулық сақтау министріне сұрақ қойды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы жөнінде баяндама жасаған министрге бағытталған сұрақ мынадай болды. 

– Қазіргі таңда дәрі-дәрмектердің жарнамасы барлық жерде тұр. Әлеуметтік желі, БАҚ құралдары, қоғамдық көлік бәрінде бар. Тиісінше, бұл дегеніміз азаматтардың дәрі-дәрмектерді дәрігерлердің рецепінсіз пайдалануына әкеледі. Мұның салдары қайғылы жағдайларға душар етуі мүмкін екенін білеміз. 

Мұның бір себебі ретінде осы Кодекстің 56-бабында "тек рецеп бойынша берілетін дәрілерді жарнамалауға тыйым салынады, қалғандарының барлығын, яки жарнамалауға болады" деп көрсетілген. Енді алғашқы министрлік дайындаған заң жобасындағы материалдарға сүйенсек, 56-баптың 3-тармағында министрлік мынадай ұсыныс енгізген. "Дәрілік заттардың барлық түрін жарнамалауға тыйым салынады" дейді. Бұл азаматтарымызды рецепсіз берілетін дәрілерді өзінің қалауы бойынша алып, денсаулығына зақым келтірмеуіне әсер ететін еді. Дегенмен, Мәжіліске келіп түскен қорытынды заң жобасында дәл осы дәрілік заттарды рецепті не рецепсіз болсын, жарнамасына тыйым салатын норма алынып тасталған. Жоқ! Сондықтан, министр ханым, сізге нақты сұрақ: неліктен және нақты қашан мұндай түзету алынып тасталған және бұл мәселені енді қалай шешпексіздер? – деді депутат. 

Өз кезегінде Ақмарал Әлназарова былайша жауап қатты. 

– Дәрі-дәрмектерді жарнамалау мәселесі тиісті тәртіп халықаралық нормаларға сәйкес жасалынған. Рецептурамен берілетін дәрі-дәрмектердің бүгінгі Қазақстан айналымындағы мөлшері 75-78 пайызын құрайды. Қазақстанда тіркеуден өткен 7000-нан астам препарат болса, соның 5000-нан астамы рецептурлық дәрі-дәрмек болып табылады. Сондықтан, бұл норма әзірше осылай қалады. Қашан алынып тасталғаны туралы ақпаратты мен қосымша беретін боламын, – деді ҚР Денсаулық министрі. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу