Депутат отандық құс шаруашылығының тағдырына алаңдаушылық білдірді

132

Қазақстан құс етімен өзін 72 пайызға қамтамасыз етіп отыр. 

Депутат отандық құс шаруашылығының тағдырына алаңдаушылық білдірді Фото: kazpravda.kz

Ішкі нарықты толығымен отандық құс етімен қамтамасыз ету өте маңызды міндет. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Әлихан Асханұлы, Қазақстанның құс шаруашылығына шүйліккеніңіз барлығымызды алаңдатып отыр. Бұл жұмыстың нәтижесі цифр емес, оның нәтижесі – дүкендегі сөре. Бүгін сол сөреде Қазақстанның құс өнімі пайда болды. Соны барлығымыз аузымызды толтырып айтып жүрміз. Жақында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин "енді Қазақстанды да толтырмаймыз, біз оны шетелге шығарамыз" деді. Мен негізі осы тезиспен келісемін. Біздің елімізде "шаш ал десе, бас алатындар" бар. Сіздің мынау сөзіңізден кейін ертең елімізде құс шаруашылығын тағы жоғалтып алмаймыз ба деген сұрақ туындайды", – деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Депутат Мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Үкімет мүшелерінен құс етін шетелге шығару үшін нақты қадамдар қандай болу керек екенін сұрады.

Жоғары аудиторлық палата басшының сөзінше, құс етін өндірушілердің жұмысы өте маңызды. 

"Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек. Біз бұл қаражатты қысқарту керек деп отырған жоқпыз. Біздің айтып отырғанымыз осы субсидиялаудың тиімділігін әрі қарай жоғарылату керек деп. Яғни, қарсы міндеттемелерді қойып, барлық жағдайды жасау керек деп отырмыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру керек, тиімділікті әрі қарай көтеру керек", – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан құс етімен өзін 72%-ға қамтамасыз етіп отырғанын тілге тиек етті. Айтуынша, бір-екі жылдың ішінде бұл көрсеткіш 100%-ға жетіп, экспортқа шығарылуы мүмкін. 

"Бұл рас. Мен мұндай сөзді айттым. Қазір бұл салаға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Бүгінде 31 жоба бар. Оның ішінде 10 шақтысы ірі жоба. Мысалы, Aitas жаңа құс фабрикасын салып жатыр. Бірінші кезегі – 120 мың тонна, екіншісі – 240 мың тонна. Басқа да компаниялар құс фабрикаларын салып жатыр. Оның бәрін қолдаймыз. Субсидияның басты мақсаты – шығаратын өнімнің құнын азайту. Егер құнын азайтсақ, онда бәсеке жоғары болады. Жалпы айтқанда, оның басқа мақсаты жоқ. Себебі оның құнында әртүрлі дәрумен бар. Ал олар шетелден әкелінеді. Ол өте қымбат зат. Қалай басқа нарыққа шығарамыз? Ол өте үлкен жұмыс. Біздің басты нарығымыз –Қытай. Құс етінің барлығын нарыққа шығару үшін оны шетелдік реестрге кіргізуіміз керек, бұл ұзақ жұмыс. Басынан аяғына дейін бір жыл кетеді. Біз жолдың біразынан өттік", – деді ол. 

Жұманғарин инспекциялар келіп, құс фабрикаларын тексерсе әрі реестрге енгізсе, жұмыс аяқталатынын айтты.

Айта кету керек, осыған дейін Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігіне қатысты аудиттің қорытындысын таныстырғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу