Бұл туралы Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Қазіргі уақытта Қазақстан әлеуметтік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басты. Осы орайда, Президентіміз қолға алған реформалардың мәніне қысқаша тоқталып кетейін. Реформалардың негізгі өзегі – кешенді дамуды қамтамасыз ету. Ал, экономикадағы жаңа кезеңнің мақсаты – әртараптандыру, технологиялық негіз, ашықтық пен әділеттілік арқылы сапалы өсімге қол жеткізу. Бізде әуелден мұнайгаз және тау-кен саласы жақсы дамығанын білесіздер.
Дегенмен, қазіргі таңда Мемлекет басшысы экономиканың өзге салаларының үлесін арттыруды міндет етіп жүктеп отыр. Былтыр еліміздің ішкі жалпы өнімі 288 млрд долларға жетті. Осы ретте өңдеу саласының үлесі өндіруші сектормен теңескенін айрықша атап өткен жөн. Бұл барынша әртарапты экономикаға нақты қадам жасалып жатқанын көрсетеді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастыру қажет, – деп атап өтті Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, өңдеу секторына сапалы инвестиция тарта отырып, өнім өндіру мүмкіндігі жоғары жұмыс орындарын құру маңызын жоғалтпайды. Сенат төрағасы жиында атқарылған толымды тірліктерге де тоқталды.
– Президенттік реформалардың келесі бір бағыты – әлеуметтік саланы дамытуға да мәслихат депутаттарын жұмылдыру аса маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бюджет қаражаты азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мақсаттарға бағытталуы керек. Бюджеттегі қиындықтарға қарамастан, мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық орындап отыр. Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақыға индексация жасалады. Шәкіртақы мен бюджеттік ұйым қызметкерлерінің жалақысы да өсіп келеді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы іске асырылуда. Биыл 200-ге жуық мектеп ашылады. Үш жылдың ішінде 1300 мектеп жаңғыртылады. Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық жоспар аясында соңғы жылдары 263 медициналық нысан бой көтерді. Биыл жыл соңына дейін осындай тағы 188 нысан пайдалануға беріледі, – деді ол.
М.Әшімбаев әуелі жол, балабақша, мектеп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізудің маңыздылығын жеткізді. Оның сөзінше, мәслихат депутаттары бюджеттерді бекітіп ғана қоймай, оның орындалуын да жіті қадағалау қажет.