Оның сөзінше, көрнекі ақпарат пен жарнама тіл саясатын қалыптастыруға тікелей әсер ететін маңызды факторлардың біріне айналып келеді.
"Осы ретте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы көрнекі ақпарат, діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталғанын атап өту қажет. Заң жобасы арқылы көрнекі ақпаратты рәсімдеу, орналастыру бойынша белгіленіп отырған қосымша талап өте орынды деп пайымдаймын. Заң жобасы арқылы діни қызмет саласындағы заңнаманы халықаралық талапқа сәйкестендіру бойынша бірқатар жаңалық енгізу көзделіп отыр. Қаралып отырған нормалардың барлығы аталған салаларда жүргізіліп жатқан саясатты одан әрі нығайтып, дамуына жаңа серпін береріне сеніміміз мол", – деді депутат.
Айта кетейік, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы үкіметтің 2020 жылға арналған заң жобалау жұмысының жоспарына сәйкес әзірленді. Заң жобасы көрнекі ақпаратты ресімдеуге, орналастыруға қойылатын талапты жетілдіруді, діни бірлестік құру және тіркеу тәртібін оңайлатады, сондай-ақ конфессияаралық өзара іс-қимыл үшін қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтады. Құжаттың негізгі міндеті: деректемелер мен көрнекі ақпаратты қолдану туралы заңнаманы жетілдіру, деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтінін орфография нормасына сәйкес жазу, ғибадат үйлерінен тыс жерлерде діни іс-шарар өткізуге рұқсат беру шарасын оңайлату, дінтану сараптамасын жүргізуге дін қызметі саласында арнайы білімі және жұмыс тәжірибесі бар мамандарды тарту.
Қанат Махамбет