Дүниежүзілік сауда ұйымының екі, тіпті үш жылда бір-ақ рет өтетін саммиті енді Қазақстанда, Астанада ұйымдастырылатын болды, деп хабарлайды abctv.kz.
Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас кеңесінің отырысында ұйымға кіретін мемлекеттер ХІІ ДСҰ министрлік конференциясын, басқаша айтқанда, осы жаһандық ұйымның ең жоғарғы басқарушы органының жиынын 2020 жылдың маусымда Астанада ұйымдастыру туралы шешімді жақтап, бірауыздан дауыс берді. Енді оған дайындық шаралары бастау алады.
Министрлік конференция ДСҰ-ның жоғары басқарушы органы болып табылады. Ұйымның бүкіл тарихында бұл саммит бұған дейін тек 11 рет қана өткізілген. ДСҰ-ның ХІ министрлік конференциясы 2017 жылғы 11 желтоқсанда Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында ұйымдастырылды. Енді эстафетаны Астана қабылдап алып отыр.
ДСҰ-ның бұл басқарушы органының өкілеттігі зор: ол көпжақты сауда келісімдері аясындағы барлық мәселелер бойынша шешім қабылдауға, соның ішінде халықаралық сауданы реттейтін жаңа тәртіптерді бекітуге құқылы.
БҰҰ-ның Женевадағы бөліміндегі Қазақстанның тұрақты өкілі, елші Жанар Айтжанованың айтуынша, "жақында ғана ДСҰ-ға қосылған жас, тәуелсіз мемлекет үшін осындай маңызды саммитті өткізу – үлкен құрмет".
Еске сала кетсек, еліміз жаһандық еркін сауда ұйымына 2015 жылдың 30 қарашасында 162-мүшесі болып енгені мәлім.
"Қазақстан Министрлік конференцияның негізгі нәтижелерін қамтамасыз ету мақсатында, ДСҰ-ның күн тәртібіндегі барлық шешімін таппаған мәселелерді талқылауға өз тарапынан конструктивті үлес қосуға дайын", – деп мәлімдеді еліміз атынан елші ханым.
ДСҰ-ның Бас директоры Роберту Азеведу БҰҰ-ның үлкен саммитін өзінде қабылдауға дайындығы үшін Қазақстан президенті мен үкіметіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, осы қадам "Қазақстанның жаһандық жан-жақты сауда жүйесінің қағидаттары мен құндылықтарына адалдығының айғағы" болып табылады.
Елордадағы жиынның күн тәртібіне "электрондық коммерцияны реттеу ережелерін анықтау, соның ішінде электрондық саудаға қатысушылары үшін үйлестірілген реттеуші ортан қалыптастыруды қамтамасыз ету", "қатысушы мемлекеттерде тұрақты, ашық және болжамды инвестициялық қызмет шарттарын қалыптастыруға бағытталған көпжақты ережелерді анықтау" саласындағы мәселелер енбек.
Бұған қоса, ДСҰ саммитіне қатысушылар "микро, шағын және орта кәсіпорындардың халықаралық саудаға кірігуіне септесе алатын дискриминациясыз шараларды айқындайды", "қызмет көрсету секторындағы компаниялар үшін ықтимал шектеулерді, сондай-ақ лицензиялаумен, біліктілік талаптарын қоюмен және техникалық стандарттарды бекітумен байланысты қосымша шығындарды азайту мәселелерін пысықтайды" деп жоспарлауда.
Астананы шетелдік қонақтардың қалың нөпірін лайықты қарсы алу міндеті күтіп тұр. ХІІ ДСҰ Министрлік конференциясына осы халықаралық ұйымның 164 мүше елдерінің сауда министрлері мен ресми делегациялары, оларға қоса 20 бақылаушы ел үкіметтерінің өкілдері ағылмақ. Қатысушылардың жалпы саны төрт мыңнан асады деп күтілуде.