Бұл туралы бүгін Ташкентте өткен Ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында айтылды. Логистикадан бөлек халықаралық ұйымның қаржылық әлеуеті туралы да сөз қозғалды.
Бұл пандемиядан кейін Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бірінші рет толық жиналуы. Дипломаттар кәсіби ұстамдылықпен проблемаларды алыстан қозғады. Аймақтағы тұрақсыздық логистиканы күн тәртібіндегі ең өзекті мәселеге айналдырды. Сондықтан сөз алған әр министр "географиялық орналасуымыздың ерекшеліктерін тиімді пайдалану керек" деумен болды.
"Ұйымға мүше елдер арасында жаңа теміржол маршруттары әзірленіп жатыр. Бұл біздің елдеріміздің көлік жүйелерінің географиясын кеңейтпек. Перспективалы бағыттардың бірі шығыс тармағы Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жолдарымен өтетін Солтүстік-Оңтүстік дәлізі. Былтыр осы бағытпен 130 мың тонна тауар тасымалданды. Бұл дәлізді дамытсақ, оның өткізу қабілеттілігін жылына 10 миллион тоннаға дейін арттыруға болады", дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
ЭЫҰ-на мүше елдер экономикалық әлеуетін толық пайдалана алмай отыр
Былтыр Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 35 пайызға жуық өсім көрсетіп, 8,5 миллиард долларға жетті. Әрі еліміз Ұйым бюджетіне ең көп қаржы құятын мемлекеттердің төрттігіне кіреді. Алайда халықаралық кеңес өзінің экономикалық потенциалын толық пайдалана алмай отыр. Сондықтан Қазақстан тарапы ұйымның хатшылығына өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырудың нақты жолдарын көрсететін талдау дайындауды сұрады.
Ал Ұйымның экономикалық мүмкіндіктерін арттыру үшін өзара тауар айналымындағы либерализацияны жалғастыру керек,- дейді кеңестің бас хатшысы.
"Біздің өзара сауда айналымымыз 77 млрд доллар болды. Бұл Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бүкіл әлеммен сауда айналымының небәрі 8,2 пайызы. Мұндай көрсеткіш көңіл көншітпейді. Өйткені Ұйымға мүше елдердің шынайы потенциалы әлдеқайда жоғары. Аймақта 500 миллионнан астам адам тұрады. Жер көлемі мен табиғи байлықтары да көп. Бірақ пандемиядан кейінгі инфляция құрықталмай отыр", дейді Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нозири Хусрав.
Кеңестің 26-шы сессиясында азық-түлік қауіпсіздігінен бастап Тарнскаспий бағытының әлеуетін арттыруға қатысты бірқатар құжат қабылданды. 10 елдің Сыртқы істер министрі энергетикалық қауіпсіздік пен қайта қалпына келетін табиғи ресурстарға талдау жасайтын орталық құрамыз деп тарқасты.