Елімізде 14 мың азамат депутат болғысы келеді

717

19-шы наурызда өтетін Мәжіліс пен Мәслихат сайлауына 14 мыңнан астам кандидат ұсынылды. Яғни, осынша азамат депутат болғысы келеді деген сөз. 

Елімізде 14 мың азамат депутат болғысы келеді

Бұған биылғы сайлаудың аралас жүйемен өтетіні әсер етсе керек, өйткені бір мандаттық округтен додаға түсіп жатқандар арасында бәсекелестік басым. Астананың өзінде Мәжілістің бір креслосы үшін 63 үміткер таласқа түспек. 

Депутат болам десеңіз! Қызметтік көлік мініп, зәулім үйде тұрып, былғары креслода отырып, 1 миллион жалақы алатын жұмыс кімге де болсын арман ғой, шіркін. Қалжың, әрине! Халықтың қалауын Мәжіліс пен Мәслихат мінберінен айтамын дейтіндер көп екен. Ұзын-саны 14 мың 207 адам. 

Енді мына қызыққа қарайық. Мәжілісте бар жоғы 98 орын. Жаңағы 7 саяси партия 69 мандат үшін күрессе, қалған 29 кресло мажоритарлық жүйемен сайланатындардың еншісінде. Мәжілісмен болғысы келетіндердың жалпы саны  892 адам. Яғни бір орынға 9 үміткерден таласады. Ал аудандық, қалалық, облыстықтың бәрін қосқанда 13 мың 300-дей адам мәслихат депутаттығынан үмітті. ГРА-2: Бұл жерде елдегі ең ірі қала Алматыны мысал қып келтіруге болады. 42 орынға 363 адам таласады. Партиялық тізім бойынша 1 орынға 7 үміткерден, ал бір мандаттық округ бойынша 10 үміткерден келеді екен. Ал Астанада Мәжілістің бір креслосынан бақандай 63 кандидат дәмелі. Басым бөлігі партиялық тізім емес, бір мандаттық округтен додаға түспек. Иә, өзін өзі ұсынғандар арасында бәсеке зор болайын деп тұр. Тек бір сұрақ мазалайды: бұл шынайы саяси белсенділік пе, әлде көзбояушылық па?

"Иә, партиялар талаптарға сай мажоритарлы жүйе бойынша да өз үміткерлерін ұсына алады деп жазылған, демек олар сол мүмкіндікті пайдаланып отыр. Көптеген тәуелсіз үміткерлер тіркелді ғой бізде.  Абзал Құспан тіркелді ме? Тіркелді. Инга Иманбай, Арман Шораев, Ермұрат Бапи, Рысбек Сәрсенбайұлы да тіркеліп жатыр. Демек, бұл кісілердің барлығы бұл сайлауға иммитация үшін емес, шын мәнісінде сайлауға қатысамын, елде өзгеріс жасаймын, мәжіліске барамын, оған күшім жетеді деп, сайлауға түсіп жатқан азаматтар. Бұл тенденцияға біз қуануымыз керек", дейді Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани.

Ал әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы мұндай белсенділікті аралас жүйенің оралуымен байланыстырады. 

"Менің ойымша, аралас жүйенің арқасында өкілді органдарда қазақстандықтардың мүддесін қорғайтын азаматтар көбейеді. Сайлаушылардың таңдауы кеңейе түседі, олар партияға да, жекелеген кандидатқа да дауыс бере алады. Адамдар кімге дауыс бергенін нақты біледі. Менің ойымша, бұл біз демократиялық модельге бет бұруға жасалған маңызды қадамдардың бірі", дейді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Арман Тоқтышақов. 

Иә, сарапшылар оң болжам айтып, жақсылыққа жорып жатыр. Тек сайлау өткеннен кейін халық сенген депутаттар сөйлемейтін кезде ауызын ашып, сөйлетін кезде құм құйып алмаса болғаны. Болашақ халық қалаулыларына мынаны да есте ұстаған абзал: бір мандаттық округтен сайланған депутатты халық мандатынан айырып, кеудесіндегі төсбелгісін алып қоя алады. ГРА: Қаперге салайын, сайлауға 7 партия қатысады. Ең көп кандидат ұсынған партия "Аманат" - ұзын-саны 119 адам. Оны өкшелеп, "Ақ жол" партиясы келеді. Үміткерлердің жалпы саны 78. Қазақстан халық партиясы 67 кандидатын ұсынды. Ал өткен сайлауда Мәжіліске өте алмай қалған "Ауыл" партиясы бұл жолы 34 үміткер ұсынып отыр. Жуырда құрылған Республика партиясы 29, Байтақ 22 үміткер ұсынды. Бұған дейінгі сайлауларға бойкот жариялап келген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бұл жолы саяси додадан шет қалмайды. 25 үміткерін дайындап қойыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу