Елімізде 189 робототехника кабинеті ашылады

527

"Қазақстан халқына" қоры 161 аудандық мектепте және моноқалалардағы 28 мектепте робототехника кабинеттерін ашады.  

Елімізде 189 робототехника кабинеті ашылады Фото: google

Бұл жаңа оқу жылына қарай жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz Ақмола облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, "Қазақстан халқына" қорының "Болашақ инженерлер" бағдарламасы бойынша 1-6 сынып оқушылары бағдарламалау, құрастыру, мехатроника, электротехника және басқа да бағыттар бойынша білім алады.

"Алғашқы робототехника кабинетінің таныстырылымы Ақмола облысының Қоянды ауылының №2 мектебінде өтті. Мектеп бағдарламалық қамтамасыз етуді, конструкторларды, электрониканы қамтитын робототехниканы зерттеуге арналған заманауи бағдарламалық-аппараттық кешенмен толықты. Кабинетті жаңартуға 3,6 млн теңге бөлінді", - делінген хабарламада.

Қайырымдылық бағдарламасы "Арман Инжиниринг" компаниясымен, Инженерлік білім беруді дамыту қорымен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

"Робототехниканы оқыған бала электротехник, интернет-платформаларды әзірлеуші, ұшу аппараттарын құрастырушы бола алады, яғни инженерлік білімнің арқасында ол көптеген мамандықтарды игереді. Қарапайым инженерден бастап автоматтандырылған кәсіпорынның басқарушысына дейінгі қызмет иесі атануға мүмкіндігі бар", – деді "R:ED – Robotics Education" робототехниканың халықаралық бағытының басқарушы директоры Максим Сушков.

"Бір қарағанда робототехника бойынша лего, электроника бөлшектері бар бір шағын кабинет сияқты. Бірақ мұндай жобаның әлеуеті зор. Балалар робототехника арқылы бағдарламалауды игереді. Бағдарламалау – болашақтың мамандығы болғанымен, ол қазіргі күннің мамандығына айналды. Мысалы, бүгінде нарықта қаржыгерлерден гөрі қаржы мен бағдарламалауды қатар білетін мамандар үлкен сұранысқа ие. Өйткені, бағдарламашылар барлық салаларда қажет және сұранысқа ие", - деді Қордың Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

"Болашақ инженерлер" бағдарламасын іске асыруға "Қазақстан халқына" қоры жалпы сомасы 673,2 млн теңге, "Арман Инжиниринг" компаниясы және Инженерлік білім беруді дамыту қоры 464,5 млн теңге бөлді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу