Елімізде 3 мыңнан астам автобус жүргізушісі жетіспейді

433

Соның салдарынан қала ішінде қатынайтын автобустар жүру кестесінен жиі кешігеді.

Елімізде 3 мыңнан астам автобус жүргізушісі жетіспейді Фото: inbusiness.kz

Елімізде 3 мыңнан астам автобус жүргізушісі жетіспейді. Ал оның салдары қарапайым жолаушыларға тиіп отыр. Мәселен, Өскемендегі бір автопаркте жүзден астам жүргізушінің орны бос. Бар жүргізушілердің 70 пайызы зейнеткер.

Өскемендегі бар қоғамдық көліктің барлығы бірдей бағытқа шықпағалы қашан?! Қала көшелеріндегі аялдамаларда күнде ұрыс, күнде айғай. Барлық автобус өз бағытымен толық жүрмеген соң, жолаушылар да діттеген жеріне кешігіп жетіп жүр.

Қалада жолаушы тасымалымен екі ірі компания айналысады. Солардың біреуінде 100 жұмысшының орны бос тұр. Жастар жұмысқа келмейді. Мұндағы ең жас жүргізушінің жасы 55-те. 

Қала бойынша 62 шағын және 256 үлкен автобус, 18 трамвай күнделікті бағытқа шығу тиіс. Бірақ жағдай қазір олай емес. Жүргізушінің жоқтығын сылтау еткен кейбір тасымалдаушылардың кестеден кешігуі былай тұрсын, тіпті алыстау орналасқан ықшам аудандарға тұрақты қатынамайды.

"Бұл қазір осылай бола беретін болса, алысқа бармайды. Бір, екі, үш жылдың ішінде заңға өзгерістер кіргізбесе, жүргізушілер мүлдем жоқ болады деп айтуға болады", - дейді "Өскемен қаласы жолаушылар тасымалын басқару орталығы" ЖШС директоры Амантай Бақыт.

Компания өкілдері бұл жетіспеушілік 2015 жылы жүргізуші куәлігін беру туралы заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін туындағанын айтады. Енді кезіндегі ережені қайта енгізбесе қала қоғамдық көліксіз қалады  деп, құзырлы мекемелерге хат жазып әлек.

"Ішкі істер министріне хат жаздық. Одан кейін мәслихатқа хат жаздық. Неше түрлі депутаттарға хат жазып жатырмыз. Д1 санатын алып тастаса Д-мен қосып", - дейді "Рост" ЖШС-ның бас инженері Шыңғыс Әбенов.

Тиісті министрліктегілер жүргізуші куәлігіндегі "Д" санатты 25 жастан емес, 23 жаста беру туралы ұсынған заң жобасы мәжіліс қарауында екенін жеткізді. Онда жүргізуші өтілін 5 жылдан 3 жылға қысқартуға, шағын автобусты басқаруға мүмкіндік беретін жүргізуші өтілін 3 жылдан 1 жылға азайту мәселесі де талқыланбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу