Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, су көздері сарқылуының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған жаңа кодексте басымдық берілген.
– Жаңа кодексте басты назар су ресурстарын сарқылу мен ластанудан қорғауға аударылып, содан кейін ғана экономикалық қажеттілікке маңыз берілген. Бұл – жаңа Су кодексінің қолданыстағы кодекстен негізгі ерекшеліктерінің бірі.
Су көздері сарқылуының алдын алу үшін өзендік, көлдік және теңіздік экологиялық жүйені сақтауға арналған және табиғатта қалдыруға жататын "экологиялық ағын" ұғымы енгізілді. Осыған орай, су ағыны "экологиялық ағынға" және "әлеуетті-еркін ағын" болып бөлінді. Су ресурстарының басыңқы-еркін көлеміне су пайдаланудың перспективалық және жедел лимиттері белгіленді. Кодексте шағын өзендер мен көлдерді қорғаудың талаптары кеңейтілді, – деді министр.
Қазіргі күні елімізде 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау жоспарланған. Сонымен қатар, шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылып отыр.
– Берілген барлық тапсырманы орындау кезінде, демек 2030 жылға қарай 10 млрд текше метрге дейін су жинақталып әрі үнемделетін болады, – деп сөзін жалғады Н.Нұржігітов.
Кодекстің негізгі жаңалықтарының бірі – су ресурстарын кешенді басқаруды дамыту қағидатын сақтай отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесін елеулі деңгейде реформалау.
Яғни, жаңа кодекс Су ресурстарын интеграциялық басқарудың Бас жоспарын және бассейндік жоспарларды әзірлеуді көздейді.
Ерекше айта кетерлігі, шағын өзендерде түпсіз бөгеттер құрылысына тыйым салу туралы талаптары да қарастырылған.