Елімізде биыл тұрмыстық сипаттағы қылмыс бойынша 206 адам істі болды

1030

Елімізде биыл тұрмыстық сипаттағы қылмыс бойынша 206 адам істі болды

Биылғы жылдың басынына бері тұрмыстық сипаттағы қылмыстарға байланысты күшіне енген үкімдер бойынша 206 адам сотталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде "Зорлық зомбылыққа қарсы 16 күн" халықаралық науқанының мақсаттары мен міндеттері" тақырыбында өткен брифингте Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі – Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева мәлім етті, деп жазады egemen.kz.

Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы өзекті мәселелер туралы және Бас прокуратура жүзеге асырып жатқан "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" жобасының аясында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді механизмдерін әзірлеуге және елімізде үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарын оңалтуға арналған ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.

"Биылғы жылдың басынына бері тұрмыстық сипаттағы қылмыстарға байланысты күшіне енген үкімдер бойынша 206 адам сотталды. Олардың басым бөлігі (86 адам) бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай-ақ 11 444 адам әкімшілік жауапқа тартылды", – деді С. Айтпаева.

Ол сондай-ақ Бас прокуратураның тұрақты ақпарат жинап, "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" Заңның орындалуы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрлері бойынша құқық қолдану практикасы туралы құқықтық статистикаға талдау жүргізетіндігін хабарлады.

"Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биылғы 10 айда республика бойынша отбасылық-тұрмыстық салада тіркелген қылмыстардың саны 373-тен 360-қа дейін болмашы төмендегені байқалады. Кісі өлтіру (65-тен 63-ке) және денсаулыққа орташа зиян келтіру (101-ден 87-ге) деректерінің саны азайды", – деді ұлттық комиссия мүшесі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу