Елімізде ең төменгі жалақыны арттырудың әдіснамасы жоқ

955

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдауы үкіметтің тұрақты әрі жүйелі жұмысының жемісі емес. 

Елімізде ең төменгі жалақыны арттырудың әдіснамасы жоқ

Ең төменгі жалақы Президенттің пәрменімен, аяқ астынан, күтпеген жерден емес, жүйелі түрде өсіп отыруға тиіс. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов осындай пікірде, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ерлан Смайлов елімізде азаматтардың әлеуметтік-экономикалық болмысы мен қажеттілігіне сай ең төменгі жалақыны арттыру туралы шешім қабылдаудың әдіснамалық, ашық және айқын жүйесі жоқ екенін айтты.

"Шенеуніктер мен министрліктердің мамандарынан ең төменгі жалақыны неге 42 500 немесе 60 000 теңге, бұл сан қандай есепке сүйеніп бекітілді деп сұрасақ, нақты жауап ала алмаймыз. Олар ең төменгі жалақы неге 3 жылда бір рет көтеріледі, ал азық-түлік өнімдері мен қызмет көрсету, коммуналдық тариф және жалпы алғанда, өмір күн сайын қымбаттайды деген сұрақтың жауабын білмеуі мүмкін", – деді депутат. 

Ерлан Смайловтің пікірінше, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің енжарлығы мен әрекетсіздігі, оның осы мәселеге деген көзқарасының жүйесіздігі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына, кедейлік пен теңсіздіктің орнауына негіз болып отыр. 

Оның айтуынша, үкімет пен министрліктерге жағдайдан өз бетінше шығудың қажеті жоқ. Бұл мәселені шешу үшін тез арада 1970 жылы қабылданған "Дамушы елдердің ерекше қажеттілігін ескере отырып, ең төменгі жалақы белгілеу туралы" халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялау қажет. 

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бастамашы болмаған және Конвенцияны ратификациялау ісі кешіккен жағдайда Халықаралық еңбек ұйымының 131-ші Конвенциясын ратификациялауға қадам жасаймыз", – деді мәжілісмен. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу