Соңғы жылдары дене шынықтыру мен алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндерін де қыз-келіншектердің "жаулап" алғаны жасырын емес.
Елімізде 400 мыңға жуық педагог жұмыс істесе, ондағы ер мұғалімдердің үлесі 20 пайызға да жетпейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, ер балалардың бойынан қызға тән қылықтарды байқау тенденциясы қалыптасып келеді. Мамандар мұның себебін әртүрлі факторден іздейді. Мысалы, балабақша тәрбиешілерінің басым бөлігі – қыз-келіншектер. Тіпті, түгелдей деуге де тұрарлық. Тағы бір толғандыратыны – бастауыш пәнінен сабақ беретін ер мұғалімдердің аздығы. Жалпы, педагогикалық мамандықтар жігітке жарымай жатады. Яғни, мектептерде матриархат бар екенін ресми мәлімдемесіз-ақ байқау қиын емес.
- Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында 400 мыңға жуық педагог жұмыс істеуде. Оның 19,1 пайызы – ер педагог.
Сондай-ақ, елімізде бастауыш сыныптарға сабақ беретін ер мұғалімдер саны – 596.
Ал, алғашқы әскери және технологиялық дайындық (бұдан әрі – АӘТД) пәні мұғалімдері – 4 968 (оның ішінде әйел педагогтер – 88), дене шынықтыру пәні мұғалімдері – 30 512 (оның ішінде әйел педагогтер – 4677), - деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
Бұл статистикадан нені ұғуға болады? Шыны керек, көбіне дене шынықтыру және алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәндерде ғана ер педагогтердің үлес салмағы басым екені айтылады. Бірақ, соңғы кезде бұл пәндерді де қыз-келіншектердің "жаулап" келе жатқаны жасырын емес.
Елімізде педагогикалық кадрларға да тапшылық бар. Мысалы, педагогтерге қажеттілік шамамен 3 мыңнан астам болып отыр. Мемлекет тарапынан білім беру ұйымдарына педагогтер тарту бойынша арнайы бағдарлама, жергілікті жерлерде жобалар жүзеге асырылып жатқаны да көпшілікке мәлім.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі "Еліміз бойынша директоры тағайындалмаған мектептер саны жайлы дерек бар ма?" деген сауалға да жауап берді.
- Қазіргі таңда білім беру ұйымдары басшыларының кадрлық резервін қалыптастыру бойынша "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" жобасы іске асырылуда. Кадр резервіне қабылданған мамандар мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының бос лауазымдарына конкурстық рәсімдерден өтпей, оның ішінде "Жайлы мектеп" жобасы бойынша салынып жатқан мектептерге тағайындалады. Резервшілерді лауазымға тағайындағаннан кейін бір күнтізбелік жыл ішінде Назарбаев зияткерлік мектебі Педагогикалық шеберлік орталығының әдістемелік сүйемелдеу кезеңі көзделген. 2023 жылғы Республикалық кадр резервіне кірген 134 көшбасшы мектеп директоры болып тағайындалды, 73-і жаңа оқу жылына дейін тағайындауды күтуде және 73 мектепке мектеп директорларына конкурс жарияланды, - деді министрліктегілер.
Осы жылы педагогикалық мамандықтар бойынша Техникалық және кәсіптік білім беру бағытындағы түлектер саны 20 081 құраса, 2022 жылы – 18 895, 2023 жылы – 19460 болып тұр.
Яғни, жыл өткен сайын педагог болуға ниеттенгендер қатары артып келеді. Мұны 2019 жылы 27 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Педагог мәртебесі туралы" Заңға қол қойғанымен байланыстыруға болатындай. Сол уақыттан бері мұғалімдердің мәртебесімен қоса айлық-жалақылары да артқаны рас. Бұл талапкерлердің педагогикалық мамандықтарды көп таңдауына себеп саналды.