Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында айтты.
Денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйін, проблемалық мәселелерді ескере отырып, нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасында негізгі міндеттер мен іс-шаралар айқындалды.
Денсаулық сақтау министрлігі 8 іс-шараның негізгі орындаушысы және 9 іс-шараның бірлескен орындаушысы болып табылады.
"Кешенді жоспарда халықтың хабардарлығын арттыру, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында халықтың барлық топтарының арасында кең ақпараттық науқан жүргізу көзделген. Есірткіге тәуелді адамдарды емдеудің тиімділігін арттыру ремиссияның мерзімі мен ұзақтығын бекітуге және толық емделуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін медициналық-әлеуметтік оңалтумен тікелей байланысты. Бүгінгі таңда 3 кезеңдік бағдарлама тек 11 өңірде пациенттер үшін қол жетімді. Қалған 9 өңірде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерін ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет", – деді министр.
Медициналық-әлеуметтік оңалтудың болмауы немесе жеткіліксіз дамуы Абай, Атырау, Алматы, ШҚО, Жетісу, БҚО, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау облыстарында байқалады.
Сондай-ақ Кешенді жоспарға өңірлік және республикалық психикалық денсаулық орталықтарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, қызметті қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар енгізілген.
"Медициналық статистика мемлекеттік медициналық ұйымдарға медициналық көмекке жүгінген адамдардың санын ғана көрсететінін және есірткіні тұтынудың нақты деңгейінің көрсеткіші бола алмайтынын айта кету керек", – деді спикер.
Әлемде ұйымдастырушылық және басқа шешімдер қабылдау үшін жасырын есірткі тұтыну деңгейін анықтаудың әртүрлі әдістері мен тәсілдері бар. Осыған байланысты, Лиссабондағы Есірткі және нашақорлық жөніндегі Еуропалық мониторингтік орталыққа (EMCDDA) барумен алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе зерделенеді және оның қорытындысы бойынша Қазақстанда осындай орталықты құрудың орындылығы мәселесі қаралады.
"Жоғарыда аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде ұзақ ремиссиямен динамикалық бақылаудан алынған адамдардың үлесін 15%-дан 15,4%-ға дейін ұлғайту, медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелерінің санын 11-ден 20-ға дейін арттыру жолымен нашақор адамдарға медициналық-әлеуметтік көмектің қолжетімділігін кеңейту, апиындық агонистері бар қолдаушы терапиямен апиынға тәуелді пациенттерді қамтуды 370-тен 500 адамға дейін ұлғайту күтілуде", – деді Марат Ахметжанов.