Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты.
"Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Үкіметтің стратегиялық міндеті болып табылады. Әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі және өнімдер мен шикізатты жеткізудің жаһандық тізбектерінің бұзылуы салдарынан азық-түлік қауіпсіздігі ең өзекті мәселеге айналып отыр", – деді Премьер-Министр.
Осыған байланысты өткен жылы Қазақстан Республикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2022-2024-ші жылдарға арналған жоспары қабылданды. Онда егіс алқаптарын ұлғайту және негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімін арттыру көзделген. Сондай-ақ, мал басын өсіруге және мал шаруашылығының өнімділігіне баса назар аударылып отыр.
"Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту және егіс алқаптарының көлемін арттыру есебінен еліміздің агроөнеркәсіптік кешені дамудың оң серпінін көрсетті. Мәселен, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 9%-ға ұлғайып, 9,3 трлн теңгені құрады. Өсудің негізгі факторы болған өсімдік шаруашылығында өнім өндіру көлемі 15%-ға артты. Жоспарды іске асырумен бірге, делдалдық схемалардың жолын кесу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізу және нарықтық реттеу шаралары белсенді түрде іске асырылуда", – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар оң нәтиже берді.
Өткен 2 апта ішінде негізгі азық-түлік бағаларының өсуі тіркелмеген.
Агроөнеркәсіп саласында бірқатар жобалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өндірісті одан әрі әртараптандыру үшін 65 тауарлы-сүт фермасы іске қосылады.
"Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымымен бірге Қазақстанның жануарлардың аса қауіпті инфекцияларына қатысты жағдай тұрақты деген мәртебе алуы бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл өткізу нарықтарын кеңейтуге және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтаудың қажетті инфрақұрылымы құрылуда.
Бүгінгі таңда жалпы сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөністер мен жемістерді сақтайтын 1 200-ден астам объектілер нысандар бар", – деді Смайылов.
Оның айтуынша, бұл жеткіліксіз. Себебі қоймалардың көбі әбден ескірген.
Сондықтан елімізде жаңа көкөніс қоймаларын салу қажет.
Осыған байланысты Премьер-Министр мына төрт мәселеге назар аударды:
Бірінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, нарықтың нақты қажеттілігін ескере отырып, Жаңа көкөніс қоймаларын салу және қолданыстағы қоймаларды жаңғырту бойынша Кешенді жоспарды өзектендіруі қажет.
Екінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, барынша қысқа мерзім ішінде субсидиялаудың онлайн-платформасының тиісті жұмысын қамтамасыз етуі керек.
Үшінші. Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен, "Қазақстан Темір Жолы" компаниясымен бірлесіп, маусым айының соңына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қажетті өнімдерін сатып алуды, оның ішінде көрші елдерден әкелеуді қамтамасыз етуі тиіс.
Төртінші. Ауыл шаруашылығы министрлігі "Азық-түлік корпорациясының" жұмысын еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге бағыттай отырып, қайта құруы керек.
Премьер-Министр бұл мәселелерді бақылау мен үйлестіруді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге тапсырды.