Солай бола тұра әлі күнге дейін мұнайлы астанада жаңа нысанның іргетасы қаланбады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Облыстағы мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбірек болғаны жөн. Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен атауды ұсынамын, – деген еді сол уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев.
Негізінен Атыраудағы концерт залының құрылысы 2012 жылдары тоқтап қалған болатын. Жергілікті әкімдік құрылысы тұралап қалған нысанға инвестор іздегенімен, жүзеге аспады.
Президент сондықтан да Атырау қаласының сәулетін сұрықсыз етіп, көзге шыққан сүйелдей етіп тұрған концерт залын сын садағына алып, жаңа мәдениет орталығын салуға тапсырма берді.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің дерегінше, жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаты сараптамада жатыр.
– Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес концерт залы мен тарихи-өлкетану музейі үш блокқа бөлінеді. Бірінші блокта 1200 орындық концерт залы мен бөлме қарастырылып отыр, – деді ол.
Аталған блокта көрермендерге арналған үлкен вестибюль, фойе мен кулуарлар, буфеттер жоспарланған. Ғимаратта екі конференц-зал болады. Оның бірі 100 орындық болса, екіншісі 50 адамға арналған.
Ал 40 орындық VIP залынан бөлек, оркестрге арналған сахна, өнер ұжымдарының репетиция жасайтын бірнеше залы мен дыбыс жазу студиясы ашылады.
– Екінші блокқа тарихи-өлкетану музейін орналастыру жоспарланып отыр. Кешен құрамына сандық және ғылыми кітапхана, ғылыми зертхана, шеберханалар мен мұрағат, қор, көрме, экспозициялық және конференц-зал кіреді, – деп қоса кетті Руслан Жұмағазиев.
Мәдениет орталығының үшінші блогы мүлде өзгеше болмақ. Бұл – алдыңғы екі блокты бір-бірімен жалғастыратын "Домбыра" монументіндегі бақылау алаңы. Мұнда кассалық галерея, монументтегі лифті мен баспалдақ алаңы бар фойе орналасады. Әр блокта әкімшілік және қосалқы бөлмелер де қарастырылған.