Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, оқушылардың мектепке бару-бармауы мұғалімдердің екпе алу көрсеткішіне байланысты.
"Қазір жаз мезгілі, көптеген адамдар демалысқа шығатын кез. Ал 1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы басталады. Оқу форматы ұжымдық иммунитет пен педагогтардың екпе алу көрсеткішіне байланысты болады. Қазір мұғалімдердің екпе салу көрсеткіші 40%-дан асты. Бірақ бұл мектептерді офлайн форматта ашу үшін жеткіліксіз. Оқушылар да, ата-аналар да офлайн-оқыту форматына оралғысы келеді деп айтсам қателеспеймін. Өйткені мұғалім-оқушы тет-а-тет форматында білім алғанға ештеңе жетпейді",– деп жазды шаһар басшысы Instagram парақшасында.
Әкімнің сөзінше, қаланың қалыпты өмірге оралуы үшін ұжымдық иммунитетке қол жеткізу керек. Сол кезде ғана барлық қоғамдық орындар ашылып, қызметкерлер қашықтан жұмыс форматынан оралып, оқушылар офлайн форматта оқи бастайды, бизнес нысандары да бұрынғыдай жұмыс істейді.
"Бүгінгі таңда вакцинаның бірінші компонентін елорданың 170 мыңға жуық тұрғыны алды. Егу пункттері емханаларда, СОО, СҮ және басқа да қоғамдық орындарда орналастырылған. Індетті жеңу әрқайсымызға байланысты екенін естен шығармаған жөн", - дейді елорда әкімі.