2022 жылдың 15 қазанында Қазақстан қор биржасы Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінде қазақстандық брокерлердің "KASE FEST" жәрмеңкесін өткізді, деп жазды inbusiness.kz.
Бұл іс-шара Дүниежүзілік қор биржалары Федерациясының (WFE) World Investor Week 2022 инвестициялық сауаттылық апталығы шеңберінде ұйымдастырылды.
Іс-шараға "Самұрық Қазына" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ, Қазақстанның жетекші брокерлері: "Halyk Finance" АҚ, "BCC Invest" АҚ, "First Heartland Jusan Invest" АҚ, "Skybridge Invest" АҚ, "Фридом Финанс" АҚ, "Қазпошта" АҚ, "Қазпошта" АҚ, "Қазақстан Халық банкі" АҚ өкілдері қатысты.
Қазақстандық брокерлердің жәрмеңкесін өткізудің мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру.
“Біз бөлшек инвесторларды Қазақстанның қор нарығының жұмысымен, оның қатысушыларымен, ондағы қолжетімді қаржы құралдарымен және өнімдерімен таныстыруға тырысамыз. "KASE FEST" – бұл жаңадан бастаған инвестор үшін оны қызықтыратын сұрақтарды қазақстандық брокерлерге тікелей қою, KASE мобильді қосымшасында биржалық симуляторда өз білімдерін сынау, сондай-ақ инвестициялауды бастау үшін брокерді дұрыс таңдауды үйрену мүмкіндігі. Бүгінде бұл ұлттық компаниялардың IPO өткізу арқылы жекешелендіру бағдарламасының басталуы қарсаңында аса маңызды", – деді KASE Басқарма Төрағасының орынбасары Андрей Цалюк.
Жәрмеңкеге келушілер қор нарығының жұмысымен, KASE қызметі мен технологиясымен танысты, KASE, "Самұрық-Қазына" АҚ және "ҚазМұнайГаз" ҰК өкілдерінің "ҚазМұнайГаз" ҰК жоспарлап отырған IPO-ға арналған бүкіл ел бойынша өтетін ақпараттық-түсіндіру науқаны шеңберінде сөйлеген сөздерін тыңдады, сондай-ақ KASE мен брокерлік компаниялардың сарапшылары ұйымдастырған шебер-кластардың қатысушылары болды.
"Еліміз үшін бірегей IPO бағдарламасына халықтың қызығушылығы жоғары. Қазір бағдарламаы түсіндіру өте маңызды. Өйткені, Мемлекет басшысы қарапайым азаматтардың IPO-ға қатысуына басымдық берді. Олар өз салымдарынан пайда алушылар болуы керек. Ел өңірлеріндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында халық дивидендтік саясат және болашақта ҚазМұнайГаз-дағы акциялар құнының өсу әлеуеті мәселелеріне белсенді қызығушылық танытты. Сондықтан ҚМГ компаниясының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін біз компанияның акцияларын IPO-ға орналастырмас бұрын оның Дивидендтік саясаты туралы толық ақпаратты жариялаймыз. Дивидендтердің минималды мөлшері де бекітілді. ҚМГ бірінші кезекте қор биржаларына алғаш рет қатысатын отандық инвесторлар үшін, сондай-ақ халықаралық институционалдық инвесторлар үшін тиімді болуы тиіс", – деп бөлісті "Самұрық-Қазына" АҚ Экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтепов.
Жәрмеңке аясында Қазақстанның жетекші брокерлері IPO деген не және ол қандай мақсатта жүргізіліп жатқанын, инвестордың IPO-дан қалай ақша табуға болатынын, инвестициялаудың қандай тәуекелдері барын, алғашқы акцияларды сатып алу және т. б. мәселелер турасында сөз қозғады.