Астана қаласының әкімдігі тиісті Үкімет қаулысын әзірлеп, ашық талқылауға ұсынды, деп жазады inbusiness.kz.
Елорданың жаңа бас жоспарының болжамы бойынша 2035 жылға қарай елорда тұрғындарының саны шамамен 2,3 млн адамға жетеді.
Соңғы 3-4 жылда елордада тұрғын үй құрылысының 5-6 жылдық нормасы орындалған. Нәтижесінде 10 млн шаршы метрден астам дайын тұрғын үй пайдалануға берілді.
"Жаңа бас жоспар бойынша 2035 жылға қарай елорда халқының болжамды саны (2,3 млн адам) қосымша су, жылу және энергия көздерін құру, су бұру және кәріз, оның ішінде нөсерлі кәріз мәселелерін шешу бөлігінде тың талаптар қояды. Тұрғын үйге деген жоғары сұраныс тұрғын үй нарығында өз қағидаларын орнатуда, сондықтан тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары болып қалуда", - делінген құжатта.
Құжатта қазіргі уақытта жолдар мен әлеуметтік нысандарды салу тұрғын үйді іске қосу мерзімімен теңестірілмегені туралы айтылған. Бұдан бөлек экологиялық проблемалар да шиеленісе түсіп, энергия көздері мен сумен қамтамасыз ету тапшылығы қалыптасуда.
"Орта мерзімді перспективада (3-5 жылға дейін) жыл сайын тұрғын үй көлемін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның дайындығына қарай пайдалануға енгізу, яғни 1,5 млн шаршы метр ұсынылады. Құрылыс көздерін, оның ішінде баламалы көздерді салу бөлігінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларын іске асырудың аяқталуына қарай 2025-2028 жылдары ғана тұрғын үй құрылысының қарқынын ұлғайтуға болады", - деп жазылған "Ашық НҚА" порталында жарияланған құжатта.
Бұдан бөлек мұнда авариялық жағдайдағы тұрғын үйлерді бұзу мәселесі де көтерілген. 2013-2022 жылдар аралығында қалада осындай 275 үйден тұрғындар көшірілген. Бұл бұзуды қажет ететін үйлердің жалпы санының 56%-ын құрайды. Бүгінде бас қалада авариялық жағдайда деп танылған 200-ден астам үй бар.
Қаланың теңгерімді дамуы үшін реновациялаудың 1 кезеңінде 2025 жылға дейін 730 га аумақта бұзу жүргізіледі. Оған келесі реновациялау аудандары – Алаш тас жолынан Ж. Тәшенов көшесіне дейінгі Асан қайғы көшесі, С. Сейфуллин және Кенесары көшелерінің бойы; С. Тюленин тұйық көшесінен Ш. Қосшығұлұлы көшесіне дейінгі Бейсекова көшесінің бойы, Потанин көшесі, Бөгенбай батыр даңғылы, Күмісбеков көшесі бойының аумағы; Кіші айналмалы жолды аяқтау үшін – С-613 көшеден Алаш тас жолына дейін Ақжол көшесінің бойы аумағы, Ш. Бейсекова, Ш. Қосшығұлұлы, Кенесары көшелері, Қорғалжың тас жолы, Есіл өзені және басқа аудандар жатады.
Сондай-ақ 2035 жылға дейін – 1362 га, 2050 жылға дейін 490 га аумақта бұзу жүргізу көзделіп отыр.
Құжатты ашық талқылау 25 қыркүйекке дейін жалғасады.