Тәжікстанның қазіргі президенті Эмомали Рахмон президенттік сайлауда тағы да жеңіске жетті. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
Жергілікті Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сүйенсек, дауыс берушілердің 90,92% Рахмонды қолдаған. Сайлауға халықтың 85,39% келген.
Қазіргі мемлекет басшысынан бөлек саяси тартысқа жергілікті парламенттің 4 депутаты қатысты. Нақтырақ айтқанда, оның қарсыласы болып Миродж Абдуллоев (Коммунистік партия), Рустам Латифзода (Аграрлық партия), Рустам Рахматзода (Экономикалық реформа партиясы), Абдухалим Гаффорзода (Социалистік партия) тіркелді.
Ескере кететін жайт, Эмомали Рахмонның елдегі ең жоғарғы лауазымға келгеніне осымен 28 жыл болды. 1992 және 1994 жылдары аралығында ол Жоғарғы кеңестің төрағасы қызметін атқарып, 1994 жылдың қарашасында президент болып сайланған еді.
2016 жылы Тәжікстанда конституцияға өзгерту енгізілді. Ол бойынша 2015 жылдан бері ұлт көшбасшысы саналатын Эмомали Рахмонға бірнеше рет сайлауға құқық берілген, яғни ешқандай шектеу жоқ.
Табиғат Нұрболат