Еңбек нарығында қай сала қызметкерлеріне сұраныс төмендеді?

7446

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазан айында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер тарапынан белсенділіктің төмендеуі байқалған. Бұл еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың маусымдық өзгеруіне байланысты көрінеді.   

Еңбек нарығында қай сала қызметкерлеріне сұраныс төмендеді? Фото: gov.kz

Осы жылдың қазан айында Электрондық еңбек биржасында 109,2 мың бос жұмыс орны және 59,8 мың түйіндеме жарияланды. Өткен аймен салыстырғанда жұмыс орындарының саны 5,6%-ға қысқарды. Бұдан бөлек түйіндеме саны үштен бірге (27,3%) азайған. Ірі қалалармен қатар өнеркәсіптік аймақтарда да кадр жетіспеушілігі байқалып отыр, деп жазады inbusiness.kz ведомство сайтына сілтеме жасап.

Бос жұмыс орындары саны бойынша көшбасшылар үштігінде өндіріс (17,3 мың бос жұмыс орны), білім беру және тәрбие ісі (11,3 мың бос жұмыс орны), құрылыс және сәулет (7 мың бос жұмыс орны) салалары бар.

"Маусымдық ауытқуларға сәйкес білім беру саласының мамандарына сұраныстың екі есе қысқаруы аясында өндірістік саладағы және ТКШ саласындағы мамандықтар бойынша кадрларға қажеттілік айтарлықтай өскен. Өндірісте ең танымал стационарлық жабдықтардың операторлары, дәнекерлеушілер мен фармацевтер болса, ал ТКШ-да слесарлар мен сантехниктер болды", – деді "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Өңірлік бөліністе кадр тапшылығы Қарағанды, Шығыс Қазақстан (сұраныс ұсыныстан 4 есе артық) және Павлодар облыстарында (3 есе) айқын көрінді.

"Жұмыс берушілер тарапынан ең аз сұраныс құқықтану, ғылым және консалтинг, маркетинг пен БАҚ сияқты салалардың мамандарына қатысты болды", - делінген ведомство хабарламасында.

Мамандықтар бойынша қазандық қондырғыларының операторлары (3 081 түйіндемеге 5 853 бос жұмыс орны), күзетшілер (472 түйіндемеге 1 525 бос жұмыс орны), тігіншілер (220 түйіндемеге 1273 бос жұмыс орны), кеңсе тазалаушылары (323 түйіндемеге 1 271 бос жұмыс орны) және тәрбиешілер (620 түйіндемеге қарсы 1 507 бос жұмыс орны) ең тапшы болды.

Қыркүйек айында өтініш берушілер арасында ерлерге қарағанда әйелдер көп болса, қазан айында жағдай өзгерген. Бұл білім беру саласындағы әйелдер үлесінің, ал өндірістегі ерлердің гендерлік тұрғыда басымдығымен байланысты.

45 жастан асқан жұмыс іздеушілердің үлесі – 28%,  жастардың үлесі – 30%, зейнеткерлік жас алдындағы әрбір 10-шы адам жұмыс іздеген.

Жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны (500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін) өнеркәсіптік альпинистерге, қопарушы, инженерлер мен хирург-дәрігерлерге ұсынған.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу