Энергетика министрлігі экономикалық тиімсіздікке әкелетін іспен әуеcтенуде – Еділ Жаңбыршин

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты. 

Энергетика министрлігі экономикалық тиімсіздікке әкелетін іспен әуеcтенуде – Еділ Жаңбыршин Фото: Мәжіліс

Оның сөзінше, Энергетика министрлігін аукционнан тыс тікелей үкіметаралық келісімдер жасауға дағдыланып алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Халық қалаулысы аталған келісімнің зардабы қандай болатынын да сөз еткен. 

– Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі аукционнан тыс тікелей үкіметаралық келісімдер арқылы бірқатар жаңартылатын энергия көзі жобасын іске асыру тәжірибесін жалғастырып отыр. Бұл келісімдерде жоғары тариф, артық преферециялар және басқа да тәуекелі жоғары нормалар көзделген. Жаңа айттым, қуаттылығы 1 ГВт жобаның аукционда анықталған тариф бағасы 18,72 теңге болса, осыған ұқсас келісім негізінде ратификацияланға жобалардың тарифі бұдан әлдеқайда жоғары бағамен іске асырылмақ. Бұл әдіс экономикалық тиімсіздікке, мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына, электр тарифтерінің өсуіне, жаңартылатын энергия көзіне деген сенімсіздікке әкелуі мүмкін, – деді ол.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат бұл келісімдердің 90-жылдары мұнай алпауыттарымен жасалған өнім бөлісу келісіміне ұқсайтынын да жасырмады. Еділ Жаңбыршин үкіметаралық келісімнің Мәжіліс қарауына тек ратификация сатысында ғана түсетінін әрі оның мазмұнына депутаттардың әсер ету мүмкіндігі жоқ екенін айтып отыр. 

– Осыған ұқсас жағдай бізде бұдан бұрын мұнай-газ саласында болған. 1990-2000-жылдары көмірсутек шикізаты бойынша өнімді бөлісу келісімдері туралы келісімдер шетелдік компанияларға шамадан тыс жеңілдіктер беріп, ел мүддесіне нұқсан келтірген. Сол қателіктерді электр энергиясы саласында қайталамауымыз керек. Кез келген үкіметаралық келісім Мәжіліс қарауына тек ратификация сатысында ғана түседі. Келісімнің мазмұнына депутаттардың әсер ету мүмкіндігі жоқ. Жаңартылатын энергия көзінің жобаларына арналған барлық шешім аукцион арқылы қабылдауы тиіс. Егер үкіметаралық келісім қажет болса, Мәжіліс пен сарапшылардың талқылауынан өту керек, – деді ол.

Еске салайық, бүгінгі отырыста Мәжіліс "Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясының жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды қабылдады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу