ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысында мақұлданған "Электр энергиясы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында Энергетика министрлігі өңірлік электр желілік компанияларды ұлғайту тетіктерін ұсынады, деп хабарлайды primeminister.kz.
ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, осындай бірнеше тетік бар. Энергия таратушы ұйымдарды иесіз электр желілерін теңгерімге қабылдаған жағдайда корпоративтік табыс салығы мен мүлік салығынан босату болжанған. Табиғи монополия саласында заңнамада қарастырылған электр энергиясын таратуға тыйым алынып тасталатын болады. Электр тарату тарифтерінің шекті деңгейі қайта қарастырылуы мүмкін. Мемлекеттік кәсіпорын теңгеріміндегі қайта тұрғызылған қосалқы станциялар мен электр желілері энергия таратушы ұйымдар теңгеріміне өткізілуі мүмкін.
Айта кету керек, заң жобасы "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 51 қадамында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында әзірленген.