Шаһар басшысы 2021 жылдың 30 маусымында реконструкция үшін жабылған №48 мектеп-лицейге барды. Білім ордасы 2022 жылдың 30 сәуірінде пайдалануға берілуі тиіс болған. Алайда бас мердігердің ("Риголит" ЖШС, Алматы қ.) кінәсінен жұмысты аяқтау мерзімі үшінші рет өзгерген.
"Былтыр қыркүйек айында Алматы әкімдігі тарапынан жобаны түзетуге байланысты барлық мәселе шешіліп, қажетті қаражат бөлінді. Бірақ "Риголит" ЖШС қажетті ресурстарды жұмылдыра алмады және міндеттемелерін орындамады. Бүгінде бірінші және екінші блоктағы жұмыстар 95%-ға аяқталды, кабинеттер 95%-ға жабдықталды. Үш блок салу, мектеп аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар бітпеді, спорттық жабын, жас топтары бойынша қоршау және т б. орнату қажет. 2023 жылдың екінші тоқсанында жұмысты толық аяқтау жоспарланған", - делінген хабарламада.
Мегаполис басшысы 760 оқушыға арналған №145 жалпы білім беретін мектепті сейсмикалық күшейту және күрделі жөндеу жұмысымен де танысты. Жоспар бойынша нысанды өткен жылдың наурыз айында пайдалануға берілуге тиіс болған. Ақпаратқа сәйкес, "Корпорация Ақ Ордасы" ЖШС бас мердігерінің сапасыз жұмысына байланысты мерзімді үшінші рет ауыстырды. Ерболат Досаев кезекті мерзім созылған жағдайда мердігерді сотқа беруді тапсырды.
Бұдан бөлек Ерболат Досаев "Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы" үшін операциялық блогы бар қабылдау бөлімі ғимаратын салу, №2 Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің ғимаратындағы және № 9 мектеп-интернатқа қосымша құрылыс жұмыстарымен де танысты.
Қала әкімі тиісті басқармаға құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.