Ердоған Орталық Азия елдерін біртұтас Түркістанға біріктірді

780

Түркия Ұлттық білім министрлігі тарих пәні бағдарламасына түбегейлі өзгерістер енгізді. 

Ердоған Орталық Азия елдерін біртұтас Түркістанға біріктірді Фото: 24tv.ua

Енді түрік оқулықтарындағы "Орталық Азия" термині "Түркістан" терминімен ауыстырылады. Бұл туралы TRT телерадиокомпаниясы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Өзгерістер бастамашыларының мәлімдемесіне қарағанда, бұл шешім болашақ ұрпақ бойында ұлттық бірегейлік пен патриотизмді нығайтуға бағытталған.

"Түрік ғасыры" туралы көзқарасымызды Түркі мемлекеттері ұйымына жеткізе отырып, алдағы кезеңді түріктердің дәуіріне айналдыру үшін иық тіресе жұмыс істейтін боламыз", – деді бастаманы қолдаған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Оның айтуынша, мұндай өзгеріс түркі әлемінің бірлігі үшін аса маңызды.

Түрік профессоры Ахмет Ташағылдың айтуынша, "түркілердің отаны" дегенді білдіретін "Түркістан" сөзі ерте дәуірден бері қолданылып келеді.

"19 ғасырдың екінші жартысында орыс шапқыншылығының нәтижесінде "Түркістан" атауының орнына Орталық Азия ұғымы енгізіліп, жұрт арасында тарады", - дейді ол.

Өз кезегінде тарих факультетінің оқытушысы, доцент Рамин Садық Түркияның да, Түркістанның да түркілердің тұратын өңірін білдіретінін атап өтті.

"Түркі әлемінің ортақ тарихын, географиясын, әдебиетін, картасы мен әліпбиін жасаудағы белсенді қадамдар кезеңінде Ұлттық білім министрлігінің "Түркістан" терминін оқулықтарға, оның ішінде балаларға арналған оқулықтарға енгізу туралы шешімі маңызды", ​​– деді ол.

Садықтың айтуынша, бұл трансформация – тек Түркия үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің серіктес елдері үшін маңызды бастама әрі құнды үлес.

1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия мемлекеттерінің саммитінде "Орта Азия мен Қазақстан" анықтамасынан бас тартып, барлық посткеңестік мемлекеттерін қамтитын "Орталық Азия" тұжырымдамасын енгізуге бастамашы болды. Бұл анықтама қазір бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылады. Алайда география ғылымы тұрғысынан Орталық Азия әлдеқайда үлкен аймақ, оның ішіне Орталық Азиядан басқа Моңғолия мен Қытайдың батыс бөлігі де кіреді. ЮНЕСКО да осындай пікірде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу