Ерікті қоныс аудару бағдарламасына өтінім беру басталды

847

Маңғыстау облысында өз еркімен өзге аймаққа қоныс аударатындар саны артып келеді. Былтыр 500-ден аса адам ұлттық жоба аясында тұрғылықты мекен-жайын ауыстырған.

Ерікті қоныс аудару бағдарламасына өтінім беру басталды

Батыстағы ағайынның басым көпшілігі солтүстік өңірді таңдаған. Осыған орай, ерікті қоныс аудару бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Бүгінде үгіт-насихат жұмыстары  басталған.

Ұлттық жоба аясында былтыр 500-ден аса адам ерікті түрде қоныс аударған. Оның 200-і ішкі көші-қон болса, қалған 300-дан астамы алыс-жақын шетелден келген қандастар. Мәселен, Тұрар Суюқұлов өткен жылдың жазында Түркменстаннан атажұртына келген. Бүгінде отбасымен бірге Павлодар облысындағы Ақсу қаласында тұрады. 

"Барлығы жақсы. Балалар мектепке барып жүр. Енді үй берсе қаламыз. Өзімізге ұнайды. Ақтаудан достарым хабарласты. Мен көшіп келіп жатқанда сұрады. Тұрар қалай? Үй бере ма?-деп. Айттым, шақырдым. Көбісі келді. Куәлік алып, квота алғандары да бар", дейді Ақсу қаласының тұрғыны Тұрар Суюқұлов.

Жұмыс күшінің ұтқырлығын нығайтуды көздейтін бағдарлама аясында баспана алуға мүмкіндік бар. Жергілікті әкімдікке өтініш қалдырғандарды Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары қабылдауға дайын. 

"Тұрғын үй көмегі. Атап өтсем 1 жылдық жалдау құнын үкімет төлейді. Оның коммуналдық қызметін де төлейді. Ал егер жоқ сатып аламын десе, бір жылдық жалдау ақысын сатып алуға жұмсауға мүмкіндік бар. Сосын жұмыспен қамтамасыз етеді", дейді Жұмыспен қамту басқармасы басшысының орынбасары Досан Жеткізген.

Маңғыстау облысында жұмыссыздық мәселесі өзекті. Мәселен Ақтау халқы жыл сайын 4-5 мыңға артады.  

"Халық өсімінің екі түрі бар. Ішкі және сыртқы факторлар. Мысалы жыл сайын қалада 4-5 мың бала өмірге келеді. Ауыл-аймақ пен шетелден келетін азаматтар да бар. Көшіп келіп қалып қоятындар көп. Сондықтан, жұмысқа сұраныс жоғары", дейді Ұлттық статистика бюросының Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Римма Утюшева.

Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламаға биыл да сұраныс жоғары болады - деп күтіледі. Тиісті ақпарат алу үшін жергілікті жұмыспен қамту басқармасына баруға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу