Есеп комитеті бюджетті үш жылдық жоспарлаудан бас тартуға шақырады

700

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова жыл сайынғы бюджетті жоспарлауға қайта оралуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Есеп комитеті бюджетті үш жылдық жоспарлаудан бас тартуға шақырады

"Жоспарды орындау барысында тек бірінші базалық жыл нақтыланады және түзетіледі. Одан кейінгі жылдары да қарамаймыз. Келесі кезеңді жоспарлау кезінде бұрын қолдау тапқан шығыстардың бір бөлігі әдетте жаңа бюджеттен шығып қалуы мүмкін. Соның салдарынан құрылысы аяқталмаған нысандар бар. Біздің ойымызша, бюджетті бір жылға жоспарлауға қайта көшу мәселесін көтеретін уақыт жетті. Сонымен қатар қабылданған шешімдердің жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, бизнес пен инвесторлар алдындағы міндеттемелердің орындалуына кепілдік беру қажет", – деді Парламент палаталарының бірлескен отырысында Есеп комитетінің басшысы.

Еске сала кетсек, үш жылдық бюджетке көшу 2009 жылы қабылданған болатын. Бұл ел дамуының нақты стратегиясын құруға мүмкіндік береді деп болжанған еді. Дегенмен бірден сол жылдың бюджеттеріне түзетулер енгізіле бастады.

Содан бері, шын мәнінде, үкімет жыл сайын кемінде екі рет – көктемде және күзде жылдық бюджетті түзетіп отырады, яғни макроэкономикалық параметрлерді өзгертеді.

Бұл ретте жыл сайын күзде парламентке алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет жобасы ұсынылады. Мәселен, қазір үкімет 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеуде.

"Биыл күн тәртібіне қарапайым көрінетін, сонымен бірге өте маңызды мәселе, бюджетті бекіту кезінде оны 100% дәл қалыптастыру мәселесі көтерілді. Шығыстарға қаржы жетпей қалуы мүмкін емес, бірақ даму бюджеті барын ескеру керек. Қалай десек те, бұл қажеттілікті жыл ортасында Ұлттық қордан жабуға тура келеді. Бұл жерде бюджеттік тәуекелдерді басқару жүйесі маңызды, мұнда мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығы туралы құжат маңызды рөл атқарады", – деді Годунова.

Айта кететіні, бірлескен отырыс барысында депутаттардың сауалдарына жауап берген Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет келесі жылы Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемін екі есе азайтады деп сендірді.  

"2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңға сәйкес, 2023 жылы трансферт көлемі 2,2 трлн теңге болуы керек. 

Алайда 2022 жылы да трансферттерді дәл осылай қысқарту жоспарланған. Бірақ 2,4 трлн теңге деген жоспар жүзеге аспай, көктемде бұл сома 4,03 трлн дейін артты.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу