Ет өңдеу кәсіпорындарына қолжетімді бағадағы шикізат тапшы

Бұл мәселе қалай шешілмек? 

Ет өңдеу кәсіпорындарына қолжетімді бағадағы шикізат тапшы Фото: Inform.kz

Сенат қабырғасында өткен Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ет өңдеу мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Тамақ өнімдері өндірісінің жалпы көлеміндегі ет өнімдерінің үлесі 16%. Ет өнімдерін өңдейтін 171 кәсіпорын жұмыс істейді. Салқындатылған ет бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 117%, шұжық өнімдері – 61%, ет консервілері – 26% құрайды. Ет өңдеу кәсіпорындарының негізгі проблемалары қолжетімді бағамен шикізаттың болмауы және шикізатты сатып алуға айналым қаражатының жеткіліксіздігі", – деп атап өтті министр.

Айтуынша, мал басын ұлғайту және ет өңдейтін кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 60 мың бас бұқашықтар мен 120 мың бас еркек тоқтылар әкетуге квоталар белгілей отырып, Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара малды, қой мен ешкіні әкетуге тыйым салынды.

2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың наурызына дейін 60 мың бас 12 айдан асқан бұқашықтарға және 120 мың бас мөлшерінде 6 айдан асқан еркек тоқтыларға сандық шектеулер енгізілді. Бұл ретте іс жүзінде тек 3,6 мың ірі қара мал немесе квотаның 5,9%  және 730 ұсақ мал  немесе 0,6% әкетілді.

 "Бұдан басқа, қол жетімді шикізатпен қамтамасыз ету үшін  ет өңдеу кәсіпорындарына мұздатылған етті бажсыз әкелуге квоталар беріледі (ЕАЭО шеңберінде: Ресей). Ет саласын дамыту үшін кәсіпорындардың құрылысы мен оны жаңғырту шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша инвестициялық субсидия, кредиттер және лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету, асыл тұқымдық жұмыстар мен мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын субсидиялау сияқты барлық шаралар сақталған", – деді Ербол Қарашөкеев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу