Геосаяси жағдай мен Қаңтар оқиғасының Қазақстандағы инвестициялық тартымдылыққа әсері

354

Биыл Қазақстанға келетін тікелей инвестиция көлемі азайған.

Геосаяси жағдай мен Қаңтар оқиғасының Қазақстандағы инвестициялық тартымдылыққа әсері Фото: lockobank.ru

Биыл Қазақстанға 1 трлн 27 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 6,4 пайызға аз қаражат. Мұндай ақпаратты Индустрия министрлігі таратты. 

Сарапшылар бұған себеп  елдегі парақорлық пен қаңтардағы оқиға дейді. Орталық Азия елдері ішіндегі шетелден тікелей инвестиция тарту бойынша көш бастап тұрған Қазақстанға ірі бизнес өкілдері ақша салуды неге азайтты? 

Биыл Қазақстанға келетін тікелей инвестиция көлемі азайған. Екінші тоқсанда ол 5,4 млрд доллар болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд долларға аз сома. АҚШ-тың Сауда  министрлігінің сайтында Қазақстандағы инвест климаттың төмендеуіне қаңтар оқиғасы себеп болды делінген. 

"Қаңтардағы ауқымды азаматтық тәртіпсіздік саяси және экономикалық тұрақтылық туралы алаңдаушылық тудырды. Содан бері президент Тоқаев шетелдік инвесторларға Қазақстан үкіметінің тұрақты инвест климатты қамтамасыз етіп, барлық міндеттемелерін орындайтынын айтты", - делінген АҚШ Сауда министрлігінің сайтында.

Дегенмен АҚШ министрлігінің пайымынша, инвестициялық тартымдылық төмендеуіне әсер еткен бұл жалғыз фактор емес. "Ресеймен шекара жағынан да, экономикалық қарым-қатынас жағынан да байланысын ескере отырып, Украинамен қақтығысы да Қазақстанның инвестициялық климатына әсер етті" деп есептейді.  Ал отандық сарапшылар болса қаңтар оқиғасы инвест тартымдылыққа ондай қатты зардабын тигізе қоймады деп отыр. 

"Саяси сенімділік деген бар. Бүгінгі таңда біздің мемлекетке саяси сенімділік бар. Ол жағынан  күмән жоқ. Мәселе, біздің экономикалық саладағы көптеген кедергілердің, бюрократтық кедергілер үлкен сенімсіздікке әкеліп отыр. Саяси сенімсіздік жоқ деп айтуға болмайды. Тұрақтылық бар екенін біледі. Басшымыздың да тұрақты инвесторларға қолдау, қорғау білдіріп жатқанының барлығы естіліп жатыр ғой", - дейді мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев. 

Иә, шын мәнінде Қазақстанға келетін инвесторларға біраз жеңілдіктер қарастырылған. Олар инвестициялардың көлеміне, мерзіміне және жұмыс орнына байланысты табыс, жер, қосымша құн салығынан және мүлік салығынан 10 жылға дейінгі мерзімге босатылған. Яғни, гәп басқа да болып тұр. 

"Қазір біздің тікелей шетелдік инвестициямыз қысқарды. Неге қысқарды? Тағы да келген инвесторды біз әкелеміз де министрлікке береміз. Министрлік алады да оны өңірдің программасы деп әкімдерге жібереді, әкімнен әкім оны қабылдамайды да төмендегісіне жібереді, төмендегі ешқашан да ол инвестормен жұмыс жасамайды. Ол одан тек не пайда табам, сен маған  келдің бе ортасынан маған үлесіәмді бересің, сөйтесің-бөйтесің деп, анау өмірінде естімеген сөзді естіп қайтады осы жерден. Шошытып жібереміз", - дейді мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев. 

Дегенмен, Қазақстанда біраз жылдан бері жүрген инвесторларды жемқорлық шошытпайтын сияқты. Мүмкін әбден еті үйреніп алды ма? Қазақстандағы бизнесін 6 жыл бұрын бастаған Уилл Астон елде инвесторларға жасалған жеңілдік парақорлықты жеңеді деп отыр. 

"Менің ойымша, сыбайлас жемқорлыққа қатысты мәселе әлемнің барлық елдерінде бар, қай юрисдикцияда болсаңыз да, сыбайлас жемқорлық әрқашан болады деп ойлаймын. Шындығында, мемлекет неғұрлым бизнес жүргізуді жеңілдететін болса, сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендетуіне соғұрлым орасан зор ықпал етеді", - дейді инвестор Уилл Астон.

Ал сарапшылар, керісінше, ресейлік компаниялардың Қазақстан нарығына ойысып жатқанын айтты. Өйткені көрші елге салынған санкциялар ірі бизнес өкілдерінің кеңірдегінен қысып, кең етек жайып жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей тұр. Биыл Президент те өз жолдауында инвесторларға арналған біраз жеңілдіктерді айтты. Егер Тоқаевтың тапсырмасы мүлтіксіз орындалса, елдегі инвест ахуал артатыны анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу