Германия, Франция және Италия елдері AstraZeneca компаниясы жасап шығарған вакцинаны қолдануды тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды іnbusiness.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Бұған дейін бірнеше ел препараттың жанама әсерлері бар екенін жариялаған еді.
Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина мен асқыну процесі арасындағы байланыстың бар-жоқтығы дәлелденбеген және алаңдауға негіз жоқ деп отыр.
Ұйым басшысы Тедрос Адан Гебрейюс осы орайда арнайы комитет AstraZeneca вакцинасы бойынша кездесу өткізетінін мәлімдеді. Еуропаның дәрі-дәрмектерді реттейтін органы осы аптада вакцина егілгендердің тромбоэмболиялық асқынуы туралы жиналған ақпаратты талқылау үшін отырыс ұйымдастырмақ.
15 наурызда Нидерланд билігі AstraZeneca екпесінің жанама әсері туралы хабарланғаннан кейін, осы препаратпен халықты вакцинациялау процесін тоқтатып тастаған еді. Ал оған дейін Ирландия, Исландия, Дания және Норвегия осындай шешім қабылдаған болатын.
Табиғат Нұрболат