Германия мен оның НАТО-дағы серіктестері осы әскери альянс территориясының әрбір пұшпағын қорғауға дайын. Мұны бейсенбі күні Литвада неміс бригадасының құрылуына орай Вильнюсте өткен салтанатта канцлер Фридрих Мерц ескертті.
НАТО-ның шығыс қапталындағы мыңдаған адамдық бригада Ресейдің Украинаға басып кіруіне және АҚШ президенті Дональд Трамптың қауіпсіздікке көбірек инвестиция салу туралы қысымды күшейтуіне жауап ретінде құрылып отыр.
"НАТО-ға қауіп төндіргендер біздің дайын екенімізді білуі керек. Олар альянсымыздың НАТО территориясының әрбір дюймін бірлесіп қорғайтынынан хабардар болғаны абзал", – дейді Мерц жаңа 45 брондалған бригаданың құрылу салтанатында.
"Вильнюсті қорғау – Берлинді қорғау. Литвалықтар бізге арқа сүйей алады", – деді тағы бір сөзінде неміс үкіметінің жаңа басшысы екі елдің туын ұстаған көпшілік алдында.
Мерцке оның қорғаныс министрі Борис Писториус, сондай-ақ Литва президенті Гитанас Науседа қосылды. Науседаның сөзінше, Ресей мен Беларусь Литва шекарасы маңында әскери жаттығулар өткізген.
НАТО-ның негізгі территориясымен тек Сувалки дәлізі арқылы байланысатын үш Балтық республикасы Ресейдің шабуылына ең осал аймақтардың бірі саналады.
Айта кетсек, аталған неміс бригадасының штаб-пәтері Литва астанасы Вильнюске жақын жердегі Руднинкайда орналаспақ.
Осы бригаданы жасақтау үшін 400-ге жуық неміс жауынгері қазірдің өзінде Литваға жеткізіліп отыр. Олар келешекте саны 4800 адамға жететін әрі 2 мыңдай әскери техникаға иелік ететін қарулы бөлімше құрамында қызмет етпек. Және де бұл бригада 2027 жылдың соңына дейін соғысқа толық дайын болуды көздеп отыр.
Инвестициялық бум
Мерцке сенсек, Ресей Украинадағы соғыспен шектелмей, тыңшылық, диверсия және кибершабуылдар арқылы Еуропадағы бейбітшілік пен тәртіпке қауіп төндіріп тұр.
Германия өзінің жауапкершілігін түсінеді, деді Мерц. Сонымен қатар, ол Германияның ұмытыла бастаған армиясы – Бундесверді жаңғыртуға уәде етті. Мұндай уәдені бұрынғы канцлер Олаф Шольц та Ресей 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін бергені мәлім.
"Біздің мақсатымыз – болашақта бундесверді Еуропаның ең күшті армиясына айналдыруға қажетті барлық қаржылық құралдарды қамтамасыз ету", – дейді Мерц.
2017 жылдан бері Германия Литвадағы көп ұлтты жауынгерлік топты басқарды. Бұл топ – 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін НАТО Балтық елдері мен Польшада құрған төрт жауынгерлік бөлімшенің бірі.
Германия қарулы күштерін модернизациялау мақсатында наурыз айында қорғаныс шығындарын өсіру үшін өзінің конституциясындағы қарызды тежеу туралы заңды жеңілдетті.
Германия сыртқы істер министрі Иоганн Вадефуль де Трамптың НАТО қорғаныс шығындарын жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5%-ына дейін көтеру туралы талабын қолдап отыр.
НАТО-ның есебіне жүгінсек, Германияның қорғаныс шығындары өткен жылы ЖІӨ-нің 2,12%-на дейін өскен. 2014 жылы бұл көрсеткіш 1,19% еді.
Биыл қорғанысқа ішкі жалпы өнімінің 3 пайыздан астамын жұмсауды көздеп отырған Литва келесі жылдан бастап қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін көтеруді жоспарлап отыр.