2021 жылға дейін 610 мың гектар жерді, оның ішінде биыл 65 мың гектар жерді айналымға тарту көзделіп отыр. Бүгінгі күннің өзінде 42 млн гектар суармалы жер айналымына енгізілді. Қалған жерлер жыл соңына дейін енгізілетін болады. Бұл туралы үкімет отырысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.
Аталған міндетті орындау мақсатында Ислам Даму банкі және Еуропа Қайта Құру және Даму банкімен бірлесіп, 100 млрд теңгеден астам қаржыға 128 мың гектар жердің гидромелиорациялық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан басқа суармалы жерлерді дамыту жөніндегі салалық бағдарлама аясында тағы да 1,5 млн гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тартып, суармалы жерлер аумағын 3,5 млн гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, жалпы егіс егілетін алаң аумағындағы суармалы жерлердің үлесі 16%-ды құрап, өнім көлемі 2,4 трлн теңге деңгейінде болмақ. Суарылатын егіншілік, бұл — тек көкөніс пен жеміс қана емес, мал шаруашылығы үшін кепілді азық көзі.
Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 10 жыл ішінде 47 мың гектар алаңға қарқынды бақ отырғызып, импортты алмастыру міндеті қойылып отыр. Бұдан басқа, жеміс сақтау қоймаларын салу, вирусы жоқ көшеттер өндіру зертханаларын құру, өнім өңдеу қуаттарын жете жүктеу сияқты аралас бағыттар да дамитын болады. Қарқынды бақтардың негізгі орналасу аймағы — Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары.