RU KZ
Ғылыми зерттеудің өту ұпайын 20-дан 24-көтеру қажет – Дұрвұдхан Сұраған

Ғылыми зерттеудің өту ұпайын 20-дан 24-көтеру қажет – Дұрвұдхан Сұраған

02 Желтоқсан 2020 20:54 166

Ғылыми зерттеудің өту ұпайын 20-дан 24-көтеру  қажет – Дұрвұдхан Сұраған
ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «ADAL BILIM» жобалық офисінің алаңында «Ғылымды қаржыландыру мен ғалымдарды қолдауда қандай проблемалар бар?» тақырыбы талқыланды.  

Тікелей эфир модераторы Ерболат Мұхамеджанның «Ғылымды қаржыландыру жүйесі қайта қарауды талап ете ме?» деген сұрағына 29 жасында халықаралық сыйлыққа ие болған математик Дұрвұдхан Сұраған жауап берді.

«Бізде у-шудың бәрі Ұлттық ғылыми кеңестен шықты, Ғылым туралы заңның әлсіздігінен шыққан жоқ. Бізде ғылымды қаржыландыру жүйесінде бірден бір өз функциясын дұрыс атқарып жатқан ұйым – Ұлттық сараптама орталығы. Дұрыс бағалап, қолдау көрсеткені арқасында жас ғалымдар елге де, әлемге де таныла бастадық. Әйтпесе бізді академиктер «таптап тастайтын» еді» – дейді математик жас ғалым Дұрвұдхан Сұраған.

Оның айтуынша, егер Ұлттық ғылыми кеңес дұрыс жұмыс жасаса, ғылым саласындағы барлық проблема шешіледі, қазір барлық құзіреттілік соларда. Қазақстанда ғылымды қаржыландыруда ҰҒК ең жоғарғы ұйым.

«Бірақ біздің менталитетіміз келмейді, жас мемлекет екенбіз. Бізде Ұлттық ғылыми сараптау орталығы жұмысын жақсы істейді. Сондықтан халықаралық жобадан балл алып келген жобаларға ҰҒК араласпауы керек, экспертиза жасауға олардың мүмкіндігі де, уақыты да, эксперттері де жоқ. ҰҒК деген қоғамдық жұмыс, тексергені үшін айлық төленбегендіктен экспертиза талап етуге де хақымыз жоқ. Әрқайсысы өзінің жұмысы бар адамдар емес пе?» – деген пікір білдіре келе, мәселені шешу жолдарын ұсынды.

«Шешімі мынандай. ҰҒК-ға жемқорлыққа итермелейтін шешім қабылдауға мүмкіндік бермеуіміз керек. Ғылыми сараптау орталығына контролді күшейту, дұрыс қадағалау.  Ғылыми зерттеудің өту ұпайын 20-дан 24-көтеру  қажет. Балл алып келген кезден бастап ақшасын беру керек. Жобалар өту баллынан өтпей қалса, ақшаны келесі жылға қалдыру керек. Ал бізде таратып береді. Өткен жылы 10%, 15% үстінен қосып берген жағдайлар болды. Бұл ұят нәрсе. Бұл бюджеттің ақшасы, артылса келесі жылға қалдыр немесе үкіметке қайтарып бер. Бізде міндетті түрде игеру керек деген қате түсінік бар», – дейді жас ғалым.