Халыққа міндет жүктейтін заңдар 60 күндік сынақтан өтеді

911

Депуттар заң сараптамасын монополияның ықпалынан құтқаруды талап етті. 

Халыққа міндет жүктейтін заңдар 60 күндік сынақтан өтеді

Сенат қабырғасында "Нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу" туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды,  деп хабарлайды Inbusiness.kz

Жобада қарапайым халықтың өміріне тікелей қатысты өзгертулер де бар. Нақты айтсақ, бинзес пен халықтың мойнына қандай да бір міндет арқалайтын заңдар қабылданғаннан кейін де 60 күн бойы күшіне енбеуі керек деген норма енгізілмекші.

"Жаңа міндеттерді белгілейтін нормалар халық пен бизнестің  дайын болуына қарай қабылданған күннен бастап 60 күндік мерзімнен ерте енгізілмейтін болады. Заңдар қабылданғаннан кейін, олардың тиімділігін бағалау міндеті ұсынылып отыр. Бұл міндет заңды әзірлеген мемлекеттік органдарға жүктелетін болады. Қабылданған заңның тиміділігін бағалау үшін әзірлеуші орган жаңа реттеудің салыстырмалы нәтижелері көрсетілген есепті дайындайды. Ол есеп  құқықтық мониторинг аясында қолданылатын болады.  Сондай-ақ, парламенттік тыңдауда немесе Үкімет сағатында  талқылануы мүмкін", – дейді министр.

Сенатор Дана Нұржігіт шалғай ауылдарға Парламент қабырғасында қабылданған заңдар жетпей жатқанын, әлеуметтік желідегі алыпқашпа әңгіменің көбі заңды әркім өз өресі бойынша түсіндіру салдарынан болып жатқанын атады. Марат Бекетаев бұдан былай заңдарды халыққа түсінікті тілмен жеткізуге Әділет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі заңмен міндеттелетінін айтты. 

"Мысалы заң жобалары әзірленген кезде әзірлеуші органдар қоғамдық ашық талқылаулар өткізеді, БАҚ-қа брифингтер береді. Ал заң қабылданғаннан кейін әзірлеуші органдар  практикалық нұсқаулар беріп, арнайы бейнероликтер жасайды және интернетке орналастырады. Басқа да тәсілдерді қолдануы мүмкін", дейді Әділет министрі.

Депутаттың бұл уәжін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та қолдады.

"Бұл шынымен өте өзекті мәселе. Кейбір заңдар халыққа ғана емес, тіпті орындаушыларға да жетпей жататын жағдайлар болады", деген спикер аталмыш түзетулер күшіне еніп жатса, уақыт өткізіп барып өзгерутлердің нәтижесін Үкімет немесе Парламент деңгейінде талқылауды ұсынды. 

Депутаттар заңға сараптама жасау жағы жаңа құжатта олқы түсіп жатқанын сынға алды. Тәуелсіз сарапшыларды тартудың орнына мемлекеттік орган тағайындайтын сараптамалық ұжымның құзырына қалдыру монополияға тән қадам деп бағалады. Сондай-ақ, министрліктер мен өзге де мемлекеттік органдарды заң шығару ісіне барынша кіріктіру мәселесі ескерусіз қалған деген ескерту айтылды. Дегенмен Сенат өкілдері заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. 

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу