Егде жастағы адамдардың жалпы халық санындағы үлесі соңғы жылы аздап болса да төмендеді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.
Халықтың қартаю индексіне келетін болсақ, 2014-2015 жылдары ең төменгі мәндерге (100 балаға 25,7) жеткеннен кейін 2020 жылға қарай көрсеткіш 100 балаға шаққанда 26,7-ге дейін өсті, бірақ 2021 жылы 100 балаға шаққанда 26,6-ға дейін төмендеді.
Бұл ретте қартаю индексі 100 балаға шаққандағы қарт адамдардың санын сипаттайды. Ол 65 және одан жоғары жастағы халықтың 15 жасқа дейінгі халық санына қатынасы ретінде есептеледі.
Өңірлік тұрғыда халықтың қартаю индексінің ең төменгі көрсеткіштері Түркістан (100 балаға 12,7) және Маңғыстау (100 балаға 13) облыстарында тіркелді.
Еліміздің солтүстігінде жағдай басқаша. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында қартаю индексі 100 балаға шаққанда 62,9, Қостанай облысында 100 балаға 58,2, Шығыс Қазақстан облысында 100 балаға 50,9-ды құрады.
Яғни, еліміздің ең солтүстік өңірінде қазірдің өзінде 100 бала мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдерге шаққанда 65 және одан жоғары жастағы 63 қариядан келеді. Бір қызығы, ауылдық жерлерде егде жастағы халықтың балалармен салыстырғандағы үлесі қалалық жерлерге қарағанда төмен. Ауылдық жерлерде 100 балаға 23,9, қалаларда 100 балаға 28,7-ден келеді.
Сонымен қатар ауылдың қартаю индексі алтыншы жыл қатарынан өсуде, ал қаланың қартаю индексі бірте-бірте төмендеп, ауылдық жерлердегі көрсеткіштен алшақтық қысқаруда.
Солтүстік Қазақстан облысында биылғы жылдың бірінші тоқсанында келгендер саны облыстан кеткендер санының 69,6%-ын ғана құраған. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында облысқа небәрі 2,9 мың адам қоныс аударса, 4 мыңнан астам адам кеткен.
Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысында келгендер мен кеткендер арақатынасы 74,8%, Павлодарда 78%-ды құрады.