Осылайша, бұл қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда 88,3%-ға күрт артқан екен. Бұл қылмыстардың жартысына жуығы интернет кеңістікте жасалған.
Депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, интернет-алаяқтық зардап шеккендер саны мен мүліктік залал мөлшері тұрғысынан бүгінде еліміздегі басты қылмыстардың біріне айналып отыр.
"Осы санаттағы қылмыстық істердің ашылу деңгейі төмен болуына байланысты жәбірленушілердің тек 2,5%-ына ғана материалдық залал өтелген. Осы ретте бұл киберқылмыстарды шетелде орналасқан кәсіби халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтар жасап отыр деген болжам бар. Сондай-ақ, олар көптеген қазақстандықтардың дербес және банктік деректерін, олардың жұмыс орны мен туыстық байланыстары туралы ақпараттарды иеленіп алған. Елімізде алаяқтар қоңырау шалып хабарласқан отандастарымыз көп екені жасырын емес. ІІМ мәліметтері бойынша, тек 2023 жылы ғана Қазақстанға қоңырау шалған 43 миллионнан астам осындай жалған нөмірлер бұғатталған", - дейді ол.
Кибералаяқтар онлайн тәсілмен алдап алған ақшасын жылыстатып, қолма-қол ақшаға айналдырарда үшінші тұлғалардың төлем құралдарын пайдаланады екен. Өз атына "Жеке кәсіпкер" куәлігі мен төлем жүйелерін ашып, оны "жалға" беретін мұндай азаматтарды "дропперлер" деп атайды. Мақсатты түрде кәсіп жасамасаң да, ЖК ашып, оны біреуге беруге елімізде заңмен тыйым салынбаған. Осы олқылықты алаяқтар сәтті пайдаланып кетіп отыр. Сол себеп кәсіпкерлік мәліметтерді пассивті табыс көзі ретінде "жалға" беру – қате. Түптеп келгенде, киберқылмыстардың алдын алу және ашу жөнінде жауапты органдар тарапынан пәрменді тетіктердің жоқтығы құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің жұмысына орасан зор салмақ салып отыр.
"Депутаттар қазақстандықтардың мүддесін қорғау үшін нақты-нақты ұсыныстар дайындауда. Соның бірі - екінші деңгейлі банктер мен ұялы операторлар өздерінің инфрақұрылымы арқылы жасалған алаяқтық схемалар үшін зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу түрінде жауапқа тартылуы мүмкін. Заң жобасына мұндай жауапкершілік енгізу күшейіп келе жатқан кибералаяқтық әрекеттерге қарсы қаржы және телекоммуникациялық компаниялардың қуатты технологиялық ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, Ішкі істер министрлігі 2023 жылдың қазан айында өткен Парламенттік тыңдауда депутаттарға берген уәдесін тездетіп орындауға тиіс. Сол кезде айтылғандай, алаяқтарға "сыбайлас" саналатын "дропперлерді" қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі дереу реттеуді қажет етеді. Алданған қазақстандықтардың ақшасын ұрлауға осындай өз азаматтарымыз сеп болатыны өкінішті. Сондай-ақ, министрліктің киберқылмыстардың алдын алу және ашу барысында батыл қимылдайтын кезі келді", - деді "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының депутаты Магеррам Магеррамов.