ITEC бойынша 1 329 қазақстандық Үндістанда білім алды

1085

Биыл Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толды.

ITEC бойынша 1 329 қазақстандық Үндістанда білім алды

21 қыркүйекте Үндістанның Қазақстандағы елшілігі Астанада Үндістанның техникалық және экономикалық ынтымақтастық (ITEC) күнін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

ITEC – Үндістанның техникалық және экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы. Ол бойынша Үндістанның 1000-ға жуық жетекші оқу орындарында білім алуға болады. 1964 жылдың 15 қыркүйегінде негізі қаланды. Үндістан бұл бағдарлама бойынша әлемдегі 160 елмен және 13 агенттікпен серіктестік орнатқан. Соның ішінде Қазақстан да бар. Біз 1992 жылдан бастап Үндістанның ITEC бойынша серіктесіміз. Осы уақытқа дейін еліміздің  1329-дан астам маманы ITEC ұйымдастырған қысқа мерзімді мамандандырылған оқыту бағдарламаларынан өтті.

Атап айтар болсақ, 1041 адам азаматтық саланың,  ал 288-і қорғаныс саласының қатысушысы ретінде білім алды.

Шараға ITEC (Indian Technical and Economic Cooperation) түлектері, жергілікті оқу орындарының өкілдері және журналистер қатысты. ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова мен Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Шубхдаршини Трипати құттықтау сөз сөйледі. 

"Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай, Қазақстан үшін ITEC бағдарламасы бойынша оқу орындарының саны 75-тен 100-ге дейін ұлғайтылды. Бұл Қазақстанның мамандарына, сарапшыларына және студенттеріне алдағы жылдары ITEC бағдарламасының артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарға да ықпал етпек.  Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз берік әрі оның тарихы тереңде жатыр. Үндістан "Васудхайва Кутумбакам" ұғымына сенеді. Оған сәйкес әлем дегеніміз отбасы және ол өзінің білімін бүкіл әлеммен бөліседі. ITEC бұл философияның бір бөлігі", – деді елші.

Бұдан бөлек ITEC түлектері Үндістанда өткен ITEC оқу курстары туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. 

"Мен 2010-2011 жыл аралығында "Адам ресурстарын дамыту және жоспарлау" оқу курсы бойынша магистратурада оқыдым. Делидегі Адам ресурстарын қолданбалы зерттеу институтында білім алдым. Бұл Үндістанның жоспарлау министрлігі жанындағы ғылыми-зерттеу институты. Олар халық санағын өткізеді, барлық оқу орны бойынша, кәсіби қызметтің түрлі бағыттары бойынша толық статистикасы бар. Бағдарламада 5 негізгі оқу модулі болды. Біз бір жыл ішінде көптеген ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми әдебиеттермен таныстық. Топта 29 елден 49 адам білім алдық", – деді Kazrobotics Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника Федерациясының Президенті Айжан Жекеева.

Іс-шарада Свами Вивекананда мәдени орталығының (Swami Vivekananda Cultural Centre) би мұғалімі Видьягаури Хемант Аадкар ханым мен оның қазақстандық оқушыларының "Катхак көлеңкелері" би спектаклі қойылды. 

Айта кету керек, ITEC оқу бағдарламалары бірнеше пәнді қамтиды. Үндістан бағдарлама аясында азаматтық және қорғаныс салаларындағы техникалық ноу-хау мен әлеуетті арттыруды ғана емес, консультациялық қызметтер, техникалық-экономикалық негіздемелер, үнді сарапшыларын шетелге іс-сапарға жіберу, гуманитарлық көмек, зілзалалар кезінде көмек және т.б. жобаға байланысты қызметтерді де ұсынады.

Балжан Смаилова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу