Талибанның билікке келуімен ел SWIFT-тен ажыратылды, Орталық банктің резервтері тәркіленіп, ақша аударымдарына тосқауыл қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.
Биылғы жылдың қаңтар айында елімізде 263,3 мың тонна ұн өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8%-ға артық.
Өңірлік тұрғыда өндірістің ең үлкен көлемі дәстүрлі түрде Қостанай облысына тиесілі (97,4 мың тонна, жылына +53,8%). Үздік үштікке Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстары да кірді.
Бұл ретте, жалпы алғанда, 2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында республика бойынша ұн өндірісі бір жыл ішінде 6,9%-ға төмендеп, 3,1 млн тоннаны құрады.
2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар ұнға деген сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) толығымен дерлік – 99,5%-ға қамтамасыз етті. Елге небәрі 13,6 мың тонна ұн әкелінді.
Елдегі барлық ресурстардың жартысы экспортталды (1,4 млн тонна – бір жыл бұрынғыдан бірден 17,2%-ға аз). Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы сату өз кезегінде бір жылда 6,5%-ға өсіп, 1,4 млн тоннаға жетті. Жалпы алғанда секторда экспорттың төмендеуі күтілуде. Мәселен, Қазақстан астық одағының мәліметінше, қыркүйек пен қаңтар аралығында шетелге 3,7 млн тонна астық пен ұн сатылған, бұл бір жыл бұрынғыдан 14%-ға аз. Бірақ егер бидай бойынша көрсеткіш 7%-ға төмендесе, ұн бойынша көрсеткіштер бірден 23%-ға азайды.
Сарапшылар негізгі нарыққа жеткізілімдердің азаюының басты себебін Ауғанстан банктеріне салынған санкциялармен байланыстырып отыр. Бұрын ұн экспортының барлық көлемінің 60%-дан астамы аталған елге жіберілетін. Ендігі басты мәселе – Ауғанстанның тікелей төлем жасай алмауы. Ауғанстандық банктер әлі де халықаралық аударым жүйесінен ажыратылған.
Бір қызығы, Ресей қазақстандық ұнды сатудың негізгі нарығы болмаса да, айтарлықтай үлкен үлесін импорттауда. 2021 жылдың қаңтар-желтоқсанында бұл бағытта 10 млн АҚШ долларын құрайтын 28,1 мың тонна ұн жөнелтілді.
Нақты мәнде Ресейге ұн экспорты бір жылда 21,1%-ға, құндық мәнде 26,4%-ға өсті. Қазіргі уақытта SWIFT халықаралық банкаралық жүйесі ЕО билігімен өзара әрекеттесіп, ресейлік банктерге қатысты шектеулер енгізуді қарастыруда. Жүйе Еуроодақ санкцияларына сәйкес ресейлік қаржы институттарында істен шығуы мүмкін. Дегенмен ЕАЭО-ны ескере отырып, санкциялар бұл сегментке ешқандай әсер етпеуі де ықтимал.
Жалпы 2021 жылдың 12 айында Қазақстан 434,2 млн доллар сомасына 1,4 млн тонна ұн экспорттады. Тасымал 17,2%-ға төмендеген, ақшалай мәнде көрсеткіш 11,4%-ға азайған.
ТМД елдеріне 154,2 млн АҚШ долларына 541,1 мың тонна ұн жөнелтілді. Мұнда Қазақстанның негізгі экспорттық бағыты Өзбекстан болды (372,9 мың тонна – бір жыл бұрынғыдан 9%-ға артық). Үздік үштікке Тәжікстан мен Түркіменстан да кірді. ТМД-дан тыс елдерге 280 млн доллардың 902,2 мың тонна ұн жөнелтілді. Негізгі көлем дәстүрлі түрде Ауғанстанға тиесілі (895,5 мың тонна), алайда бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 22,2%-ға аз.
Айта кететіні, өткен жылдың желтоқсан айында ұнның экспорттық бағасы жылына айтарлықтай 31,6%-ға, оның ішінде ТМД елдері бойынша – 38%-ға, ТМД-дан тыс елдер үшін – 23,5%-ға өсті.
2021 жылдың қаңтарында Қазақстанда ұнның бөлшек саудадағы бағасы бір жыл ішінде 10,2%-ға өсті. Бағаның ең күшті өсуін Жамбыл облысының тұрғындары сезінді (жылына бірден 23,9%).
Сонымен қатар бұл тізімде Қарағанды мен Қызылорда облыстары да бар. Ең аз жылдық баға өсімі Түркістан облысында тіркелді – небәрі 1,6%-ға. Бірінші сұрыпты ұнның орташа бағасы келісіне 186 теңгені, жоғары сұрыпты – 263 теңгені құрады. Еліміздің ірі қалаларының ішінде бірінші сұрыпты ұнның ең қымбаты Ақтауда (256 теңге), ең арзаны Ақтөбеде (133 теңге) тіркелген. Жоғары сұрыпты ұн елордада ең қымбат (328 теңге), ең арзаны Павлодарда (184 теңге).
Құралай Құдайберген