Қағазбастылық ақтөбелік шарулардың қолын байлап отыр

617

Аймақ басшысы оған жағдай жасамаған аудан басшыларын жауапқа тартпақ

Қағазбастылық ақтөбелік шарулардың қолын байлап отыр

Ақтөбе облысының ауылшаруашылық саласында оң серпін байқалып келеді. Биылғы алты айда 98,2 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілген. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров алқалы жиында баяндағандай,  пандемияның экономикаға тигізер кері әсерінің алдын-алу мақсатында "Қазына", "Гастроном №1" базарларын іске қосу, сондай-ақ, көтерме-сауда орталығын салу жоспарлануда. Өйткені, өңірдегі сауданың негізгі бөлігі, яғни 61,7 пайызы көтерме сауданың үлесінде. Көтерме сауда көлемі 407,7 млрд теңге құрады. 

Қазіргі күні аймақта ауылшаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 24 жоба бар. Өкінішке қарай, оның алтауы қағазбастылық салдарынан алға жылжымай отыр. Осы кемшіліктерге қатысты өңір басшысы аудан әкімдеріне ескерту жасады.

"Кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы жоғары азаматтарға қолдау көрсетеміз деп уәдені үйіп-төгесіңдер. Шын мәнінде құжат жағынан, ұйымдастыру жағынан көмек көрсетіп жүрген жоқсыңдар. Алдағы уақытта тоғыз айдың қорытындысын тыңдайтын уақыт келеді. Сол кезде ауылшаруашылығын мандыта алмаған аудан әкімдері немесе орынбасарлары жауапқа тартылады", – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. 

Сондай-ақ, облыстағы 30062,9 мың га жер қорының 16617,8 мың гектары жер пайдаланушыларға табысталып, 13445,1 мың га жері мемлекеттің босалқы жер қорында тіркелген. Нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбай отырған 32243,13 га 105 жер учаскесіне тексеру жұмыстары жүргізіліп, бір жылға нұсқама берілген. 2020 жылдың жеті айында облыс бойынша 22 конкурс өткізіліп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 753,8 мың га 518 жер учаскелері айналымға енгізілген.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу