Қайрат Келімбетов реформа жасалатын 10 бағытты атады

1166

2025 жылы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетуге тиіс.

Қайрат Келімбетов реформа жасалатын 10 бағытты атады

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов 2025 жылға дейін реформа жасалатын 10 бағытты атады, деп хабарлайды inbusiness.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
"Қазақстан-2050" стратегиясын сапалы іске асыру мақсатында агенттік 2025 жылға дейінгі Жалпыұлттық басымдықтарды таныстырды. Құжат Үкіметтің ұзақмерзімді жоспарын орындау үшін қажет.

2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстанның Жалпыұлттық басымдықтары үш бағытқа бөлінген: азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы, қуатты экономика.

Әлеуметтік сала, денсаулық және білім

"Азаматтардың әл-ауқаты" бағыты үш басымдықты қамтиды: әділетті әлеуметтік саясат, қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі және сапалы білім.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдарламасында көрсетілгендей, "игілік баршаға" ұстанымы алдағы бесжылдық даму жоспарының басты қағидаты болады.

"Пандемия кезінде барлығымыз әлеуметтік мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Барлық мемлекет денсаулық сақтауды дамыту модельдерін, денсаулық сақтаудың әртүрлі бағдарламасын қаржыландыру сапасын байыпты түрде қайта қарады. Сондықтан денсаулық сақтауды дамытудың қолжетімді және тиімді жүйесіне мемлекет басымдық береді", - деді Қайрат Келімбетов.

Оның айтуынша, елімізде медициналық мекемелерді қайта жарақтандыру, барлық негізгі қала мен облыста жаңа заманауи медициналық орталықтар салу жоспары қаралады.

"Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша  ауқымды жұмыс жүргізіледі", - деді төраға.

"Институттардың сапасы" бағыты азаматтардың мүддесін қорғайтын әділетті қоғам құруды, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуды көздейді.   

Қуатты экономика 

"Қуатты экономика" үш басымдықтан тұрады: әртараптандырылған және инновациялық экономика құру, экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту, теңгерімді аймақтық даму.

Әрбір басымдық индикаторға ие болады және оларға қол жеткізу Қазақстан азаматтарының өмір сапасына айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді.

"Осы басымдықтардың барлығы ең алдымен экономикалық және бюджеттік мүмкіндіктерге негізделеді. Сондықтан әртараптандырылған экономиканы құру бұл алдыңғы онжылдықтарда белгіленген реформаларды жалғастыру жобасы – бұл мұнайға тәуелділіктен арылу, мұнайдан тәуелсіз экономика құру. Инвестиция тартуға ден қою өте маңызды", - деді Қайрат Келімбетов.

Арнайы көрсеткіштер

2025 жылдың қорытындылары бойынша Жалпыұлттық басымдықтарға қол жеткізу арнайы мақсатты көрсеткіштер бойынша бағаланады. 

"Мысалы, "Азаматтардың әл-ауқаты" басымдығы шеңберінде нақты ақшаның өсуі 2019 жылғы деңгейден кемінде 27% болуы тиіс. "Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі" басымдығы шеңберінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетуге тиіс.

"Сапалы білім беру" басымдығы бойынша кемінде 3 қазақстандық жоғары оқу орнын Quacquarelli Symonds World University Rankings топ-200 университеттерінің әлемдік рейтингіне енгізу керек", - деп жазылды хабарламада.

Сонымен қатар "Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі" басымдығы шеңберінде Қазақстан Transparency International  сыбайлас жемқорлық индексі 45 балға жетуі керек. 

"Әртараптандырылған және инновациялық экономиканы құру" басымдығы шеңберінде экономиканың шикізаттық емес секторының жалпы қосылған құнының көлемі 89 трлн теңгеге, ал өңдеу өнеркәсібі 15 трлн теңгеге жетуі тиіс. Осы басымдық шеңберінде тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 30 млр долларға жетуі қажет", - деп жазылды хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспары бекітілгені хабарланған еді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу