Қала құрамына кірген саяжай инфрақұрылымнан ада

327

Жылуы жоқ, суы жоқ халық қайтіп күн көрер?

Қала құрамына кірген саяжай инфрақұрылымнан ада Фото: aikyn.kz

Жамбыл облысында шағын аудан ретінде Жаңатас қаласының құрамына кірген бұрынғы саяжай тұрғындары "инфрақұрылымнан адамыз" деп ашулы. Өйткені қит етсе, жарығы сөнеді. Жылу жүйесі атымен жоқ. Көмірге қалтасы көтермегендер ағаш жинап, тезек тереді. Ал тартылып қойған тіршілік нәрі қашан берілетіні белгісіз. Кей жұрт тіпті жуыну үшін суды өзеннен тасып жүр.

Тезек жағып, түскі ас қайнатқан Нұргүл Қонысбаева. 6 баланың анасы қысқа ағаш жинап, тезек теріп қойған. Қалта көтерсе, көмірді тек қаппен алмақ. Өйткені тоннасы 25 мың тг. Жылуға жарымаған жан "бұл тұрғындар мәселесінің тек бірі ғана"- дейді. Одан өзге тұтас саяжай тіршілік нәрінен тарығып отыр. Кейбірі құдығын қолдан бұрғылаған. Ал суы жоғы, өзеннен тасиды. 

Бұрынғы 3 саяжай қазір Жаңатас қаласының құрамында. Атауы "Құрылысшы" делініп, 3 жыл бұрын өткен. Бұрын бақша егіп, шаруа қылған қараша қазір бұған мүмкіндік жоғын айтады. Өйткені жерасты суы жылма-жыл төмен тартып барады дейді.

Қазылған құдықтың өзінен су тез тартылады. Тапшылық соңғы 20 жылда жиілепті. Бұқара бұған моноқала маңайында көбейген өндіріс ошақтары сеп болуы мүмкін деп отыр.

Ал шағын шаһарда үйі жоқ жандар мұнда қысы-жазы тұруға мәжбүр.

Алқапқа жаз басталмай су құбыры да тасталған. Қала билігі мердігер жұмысын енді қабылдап алмақ. Бірақ барлығына су қашан берілері белгісіз. Ал "әкім болғаныма 2 апта болды" - деген басшы тұтас алқапты аралап, іркілген инфрақұрылымын енді зерделеп көрмек.

Әкімдік саяжай қала құрамына енгенде, жарық желілеріне  жөндеу жүргізілген деп отыр. Бағаналары ауысыпты. Ал алқапқа қатынайтын қоғамдық көлік келесі жылы жолға қойылмақ. Асфальт төсеу жұмысы 2025 жылға дейін жүргізілмек екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу