Қалашық құрылысы 11 жылдан бері тоқтап тұр

501

Aяқталмай қалған құрылысты былтыр жергілікті 4 кәсіпкер бірігіп, компаниядан 1 млрд теңгеге сатып алған.

Қалашық құрылысы 11 жылдан бері тоқтап тұр

Жамбыл облысында құрылысы о баста қарқынды басталып, жарты жолда қалған алып коттедж қалашық 11 жылдан бері қаңырап бос тұр. Сақалды құрылыс қазір баспанасыз босып жүретіндердің бас сауғалайтын мекені. Ол аздай жымысқылар есік-терезесін жұлмалап, тартылған сымдарды тасып әкеткен. Ал былтыр осы тұралап қалған үйлерді сатып алған қалталы азамат әлі күнге дейін нысан құжаттарын түгендей алмай әлек.  

Қордайдың кіреберісінде менмұндалаған ұзын-саны 20 үй ұры-қарының қорғаны іспетті. Тұралаған коттеджге кіріп, көзге көрінгенін іліп әкеткен. Бітпеген баспананың іші күл-қоқыс. Ол аздай қаптаған қаңғыбас иттердің ордасы. Талай жыл тұралап қалған үйлерді дергілікті тұрғындар не сүрілсін, не аяқталсын деп талап етеді.     

Қараусыз қалған, алайда қаңқасы бар үйлерді қазір қаңғыбастар пана еткен. Өйткені жатын бөлменің заттарын мұнда жиі кездестіруге болады.  

Еңселі екі қабатты бірнеше үйдің құрылысы 2012 жылы әп-әдемі басталған. Бастапқы қаржыны құйған жеке меншік компания үлескерлер есебінен істі аяқтауы тиіс еді. Бірақ мега жоба бітпей, құрылыс толық тоқтаған. Ал қазір тұтас қалашыққа жайғасқан небәрі 1 ғана отбасы бар.  

"Жалғыз мына жерде, қорқынышты бір шетінен. Көршілер келсе мына жерге тезірек, сол дұрыс болар еді. Ұрлыққа түседі, келеді, тонайды. Сындырып кетеді", - дейді Қордай ауылының тұрғыны Ырысбек Нұпыбаев.

Мұнда бас-аяғы 40 үй тұрғызылуы тиіс болған. Қазір жарым күйде 20-сы ғана тұр. Ал аяқсыз қалған құрылысты былтыр жергілікті 4 кәсіпкер бірігіп, компаниядан 1 млрд теңгеге сатып алады. Бірақ 16 гектар алқаптағы 20 үйдің заңды мекен жайын 1 жылдан бері ала алмай әлек. Аудандық бас жоспар картасына да енбеді дейді.  

"Мұқтаж, жетім-жесірлерге берсек пе деген ойымыз бар. Ақшасыз, былай сыйлық қып. Сол адресі жоқ, қалған құжаттардың барлығы бар, жобамыз бар. Кәсіпкерлерді қолдау керек болып тұр, сол құжат жағынан жәрдем болса деген ойдамыз", - деп пікір білдірді Ержан Сатылғанов.  

Кәсіпкер шағын қалашықтың инфрақұрылымын өз қаржысына реттемек. Сөйтіп әлеуметтік осал топтарға табыстаймын дейді. Ал әкімдік үйлер әу баста мемлекеттік бағдарлама бойынша салынбағанын айтады. Жергілікті кәсіпкерге қолдау жағынан еш кедергі жоқ деп сендірді. Тек қолбайлау болғаны  цифрландыру екен. Яғни құжаттар сандық жүйеге өткенде нысанның қағаз құжатын әкімдік енгізбей ұмыт қалдырған. 

"2012 жылы құжат айналым тек қағаз жүзінде іске асқандықтан "Сәулеттік жоспарлау тапсырмасын" беру стандарты базасына енгізілмеген. Қазір таңда жеке тұлға аудан әкімдігінің сәулет және құрылы бөліміне қайырылу керек", - деді Қордай ауданы әкімінің аппарат басшысы Нұрболат Сатымқұл.

Әкімдік енді 1 ай көлемде қағаз құжатты архив ішінен ақтармақ. Табылған тұста, мәселе шешілмек. Айта кетейік, қазір Қордай ауданы бойынша 18 мыңға жуық тұрғын жер кезегінде тұр. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу