Қаңғыбас жануарлар тұрғындардың бас ауруына айналды

1647

Ата-аналарды үйір-үйірімен жүрген қаңғыбас иттер алаңдатып отыр.

Қаңғыбас жануарлар тұрғындардың бас ауруына айналды

Биылғы сегіз ай ішінде БҚО-да қаңғыбас иттер 607 адамды қауып алыпты, оның ішінде бес жасқа дейінгі 79 бала, он төрт жасқа дейінгі 162 бала бар. Бұл – облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің ресми дерегі.

Қазіргі күні аймақта қаңғыбас жануарларды аулау және зарарсыздандыру мәселесі өткір тұр. Бұл жөнінде зооқорғаушылармен, қала тұрғындары мен ветеринария басқармасы басшыларымен кездесуі өткізген "Ақжайық  – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Салиеваның айтуынша, бұл жерде тұрғындардан да кінә бар. Көпшілігі жазғы мезгілде саяжай аймақтарын күзететін ит ұстайды да, қажеті болмаған кезде оларды айдалаға жібере салады. Қазіргі күні қалада осындай қаңғыбас иттер үйір-үйірімен жүр, олар ойын алаңдарын да төңіректеп, ата-аналарды алаңдатуда.

Былтыр қаңғыбас жануарларды аулау мен зарарсыздандыру жұмыстарына жүргізілген тендерді "Қарашығанақ ПромСервис" компаниясы ұтып алған. Алайда, "Хатико" және "Мен өмір сүргім келеді" қоғамдық бірлестігінің өкілдері оның жұмысына риза емес. Мұндай проблеманы ортаға салған бас қосуға да олардың бір де бір өкілі келіп, қатысқан жоқ. Биыл тендер кеш жарияланып отыр және оған құлшына қатысып отырғандар да жоқтың қасы. Екі ортада жыл басынан бері иесіз жүрген ит-мысықтарды ұстап әкетіп, залалсыздандыру жұмыстары мүлдем жүргізілмей қалған.

Айта кетейік, өткен жылдан бері бұл жануарлардың көзі жойылмайды, оларды қорғау мақсатында ұйықтататын дәрімен атып аулағаннан кейін стерилдеп қайтадан көшеге жібереді. 

"Қазір қалада кейбір қоғамдық ұйымдардың шағын оқшаулау орындары бар, кейбір ит-мысықтарды сонда ұстап отыр, бірақ, олар үйсіз-күйсіз жануарларды тегіс қамти алмайды. Одан бөлек, бірнеше жануарды қолына алып, үйінде ұстап отырған жанашыр тұрғындар да бар. Оларға көршілерінің қалай қарайтынын айтпай-ақ қояйын", – дейді Әлия Салиева. 

Бұған дейін қоғам белсенділері тарапынан жергілікті бюджет есебінен немесе мемлекеттік-жеке серіктестік жүйесі арқылы питомниктер ашу жөнінде ұсыныстар айтылған. Алайда, ол үшін кәсіпкерлер тарапынан ынта білдірген ешкім болмапты. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу